Кино туынды екі толық метражды көркем фильм мен сериал негізінде криминалды комедиялық жанрда түсірілмек. Фильмнің қоюшы режиссерлері Денис Куклин мен Лев Мариупольский. Олар елімізде жақында шыққан «Қайрат- чемпион. Девственник №1» атты фильмдерімен жұртшылыққа жақсы таныс. Басты рөлді — жас полиция қызметкері Артем Кузнецовтың рөлін Данил Волковинский сомдайтын болады. Фильмде сонымен қатар, Ресей елінің халық әртісі Юрий Стоянов, тележүргізуші Дмитрий Нагиев, жас ресейлік актриса Анна Старшенбаум, қазақстандық актерлер Бақтияр Қожа мен Дәулет Абдығапаров ойнайды.
Аталмыш фильм — «Бірінші арна- Еуразия» мен «КТК» телеарнасының және «MP-production» продакшн-студияның біріккен жобасы.
«Фильмнің түсірілімі қыркүйек айының алғашқы күндері басталды. 2011 жылы наурыз айында аяқтап, сол айда прокатқа жіберуді жоспарлап отырмыз. Түсірілімдер Алматы қаласында және Қапшағай аумағында өтеді», деді фильмнің қоюшы режиссері, әрі сценарий авторы Денис Куклин. Оның айтуынша, фильмнің сценарийі бір айдың ішінде жазылған.
«Қайрат- чемпион» фильмі қарапайым телевизиялық камералармен түсірілсе, бұл фильмге мықты заманауи техникалар тартылады. Фильм көрермен қауымның көңілінен шығатын, қызықты туынды болады деп ойлаймын, өйткені фильмнің картинасы өте ерекше», деді «КТК» телеарнасының бас директоры Арман Шураев.
Ресей елінің халық әртісі Юрий Стояновтың айтуынша, комедиялық жанрда ойнау өте қиын. «Бұл жанрдағы фильмнің жақсы шығуы актердың ойнай білуіне байланысты емес, қоюшы режиссердің шеберлігіне байланысты», деді ол.