— Cаяхатқа!
— Жүріңдер, жүріңдер.
— Қанша болады?
— Тұрақ 500 теңге ғой, 1500 болады барлығы. Қазір-ақ кетеміз.
Әуежай болсын, теміржол вокзалы болсын дәл осы орталықтар такси жүргізушілері үшін сауда-саттық алаңына айналған. Тек айтылған соманы төлесеңіз болғаны, қаланың кез келген нүктесіне дереу жеткізіп береді. Бірақ, шарықтап тұрған бағаны әркімнің қалтасы көтере бермесі анық.
Бұл өз алдына, ал көрсетілетін қызметтің сыйқы мынау. Онсызда жолдан шаршап келген жолаушы алдын бөгеп, кес-кестеген жүргізушілерден аяқ алып жүре алмайды. Ал халықаралық әуежайдан шығатын қоғамдық көлік деген атымен жоқ.
— Өзің таңдап аласың, өзің бағамен келісесің. Ал олар жүгіріп жүріп, тартады да пәленбай мыңға дейді.
Жолаушылардың бірі көрсетілген қызметке көңілі толмаса, енді бірі шарықтап тұрған бағаға наразы. Сондықтан, бүгін көлік бақылау инспекциясы заңсыз адам тасымалдап жүрген таксистерді тәртіпке шақырмаққа тырысып көрді.
Әрине, заңға қайшы әрекет етіп жүргенін білетін әр такси жүргізушісі ізін суытып үлгерді. Ал жолаушымен ұсталғандар, “бауырым, жақын туысым, күтіп алдым” дегенді сылтау қылудан арыға бармады. Сондықтан, тәртіп сақшылары жекеменшік көлікпен қызмет етіп жүргендерге қатысты талаптар заң жүзінде күшейтілсе екен дейді.
Ақәділ Жайлыбаев, Алматы қаласы көлік бақылау инспекциясының жетекші маманы:
— Бірнеше рет, одан да көп әкімшілікке тартылған автокөлік иелерін сол бір баппен тартылған адамдардың материалы сот мекемелеріне жіберіледі. Соңғы шешімді сол кісілер қабылдайды.
Инспектордың мәліметінше, соңғы екі айда 100-ге жуық такси иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бірақ, соған қарамастан кейбірі қайта сол кәсіпке оралып, күн көруде.
Әділетхан Арыстанбеков, такси жүргізушісі:
— Қазір 1-2-3 мың тапсам, соған риза болып үйге қайтамын. Ал кешке қарай көзім қарауытып, көзім көрмеген соң үйге қайтамын. Қазіргі жағдайды өздеріңіз білесіздер ғой. Бір баланың өзіне қандай қаражат керек, жақында немерем мектепке барды бір өзіне кітап пен киіміне 40-50 мың кетті.
Расында, тексерілген көліктегі жүргізушілердің барлығы бір ауыздан “жұмыс жоқ, ал отбасын асырау керек” дейді. Сондықтан инспекторлар нәпақасын тек жол бойынан тауып жүргендермен әлі ұзақ күресетін сияқты.