Бұған су құбырларын тартқаннан кейін асфальттың сапасыз төселуі себеп дейді тұрғындар. Ал жергілікті билік өкілдері мердігер компанияларға жолдарды қайта жөндеуге тапсырма берді.
Мынау – Наурызбай ауданындағы Әуезов көшесі. Екі шетінен қоршалып, ортасы қазылған. 2014 жылы басталған орталық су тарату жүйесінің құрылысы әлі біткен жоқ. Жоспар бойынша жұмыс былтыр аяқталуы тиіс еді. Бірақ ақша жетпей қалған. Енді мына төлқұжатқа сенсек, құрылыс биыл желтоқсан айында аяқталуы керек.
— Жұмысшылардың қимылы сылбыр. Бір сағат істеп, күні бойы отырады. Құрғақта шаңның астында қаламыз. Жаңбырда батпаққа батып жүреміз, дейді Наурызбай ауданының тұрғыны.
Асфальттың ойылуы орталық су тарату жүйесінің құрылысы басталғалы бері пайда болды. Өйткені құбыр тартылған соң жол сапасыз жөнделген. Мысалы, Қалқамандағы 10 көше 134 жерінен ойылып кеткен.
— Әрбір сондай тесілген, ойылған жерлерге барып акт жасадық. Сол мердігерлерге тапсырмаларын береміз. Мысалы, бұл кісілерде кепілдік бар, 3 жылдың ішінде осы жолға өздері қарап тұрулары керек, дейді Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.
Жалпы, ықшам ауданда 72 көше жөнделуі тиіс. Біраз көшеге жаңа асфальт төселгенмен, су жүйесін жүргізу үшін кейбірі қайта қазылған. Ал 13 көшеде бұған дейін мүлдем асфальт болмаған. Олар келесі жылдың жоспарына қосылуы мүмкін дейді әкімдіктегілер.
— Жұмысты тоқтатып, жұмыс істемей қойған мердігер ұйымдар болған. Олардың лицензиясының мерзімін тоқтатып қойдық. Екінші мердігер ұйымды сотқа бердік, деді Қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім жетекшісі.
Қазір ықшам ауданда көлік қозғалысы қиындап кеткен. Жақында Алматы әкімі мердігерлерге қазылған көшелерді қарашаға дейін асфальттауға тапсырма берген болатын.