Алматыда ЖОО жатақханалары жаппай тексеріліп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 448.89
  • 477.93
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда ЖОО жатақханалары жаппай тексеріліп жатыр

Алматыда ЖОО жатақханалары жаппай тексеріліп жатыр

Алматыдағы жатақханалар жаппай тексеріле бастады. Жергілікті әкімдік Аграрлық университетте болған қайғылы жағдайдан кейін осындай қадамға баруға мәжбүр. Естеріңізге салсақ, өткен аптада 1-ші курс студенті үлкендердің соқққысынан қаза тапқан болатын. Осы оқиғадан кейін  жергілікті билік жоғары оқу орындары шәкірттерінің тәртібі мен тұрмыс жағдайын тексеру үшін қаладағы 90-нан астам жатақхананы аралап шықпақшы.  

  • 20 Сәуiр 2017
  • 2035
Фото - Caravan.kz

Алматыдағы жатақханаларды жаппай тексеруге атқамінерлер енді ғана шындап кіріскен сыңайлы, хабарлайды КТК телеарнасы. Студенттердің шынайы тұрмысымен танысу үшін тіпті оқу орнының басшыларына да алдын ала ескерту жасалмаған. Сондықтан сау етіп кіріп келген тексерушілерді көргенде, жатақхана меңгерушісі де тосырқап қалды.

Өйткені Қазақ ұлттық техникалық университетіне тиесілі 4-ші жатақханадағы жағдай мәз емес. Мәселен мұнда студенттердің күнделікті жуынып-шайынуына, спортпен шұғылдануына және сабақ оқуына жағдай жасалмаған. Есесіне білім ордасындағы оқу ақысы тым қымбат. Жылына кемі 500 мың теңге төлеп оқитын студенттер тар бөлмеде төрт адамнан тығылысып тұрады. 

— Ақылы ма қанша төлейсіз жылына?

— 464 мың. Сіздерге грантта оқитындарға мемлекет төлейді сол соманы. Былай айтқанда жарты миллион теңге. Жоғары оқу орнына түскенде тек білім алып қана емес дұрыс жағдай жасалуы керек. Оқудан басқа спортпен шұғылданатындай, кітапханаға баратындай, интернет болатындай….

Ал бұл – аграрлық университеттің жатақханасы. Күрделі жөндеу көрмегеніне он жылдан асқан. 400 студент тұратын ғимараттың есік-терезелері қирап, қабырғалары сыз тартып тұр. Мұнда спорт зал мен интернет түгілі, тамақ дайындайтын асхананың жағдайы мүшкіл. Плиталары газға қосылмағандықтан, студенттер асын тар бөлмеде дайындап ішеді.

Атқамінерлердің аяқ астынан жатақханаларды аралауы бекер емес. Бір апта бұрын дәл осы Аграрлық университеттің жатақханасында студенттер төбелесіп, бірінші курста оқитын Дидар Болысбек көз жұмған болатын. Марқұмды үлкен курстың студенттері жабылып сабаған. Ал өткен қыста тағы сол Аграрлық университетке тиесілі «Ақбота» студенттер үйінен мұз құлап бір студент қаза тапты. Осындай оқыс оқиғалардың жиі қайталануы атқамінерлерді рейдке шығуға мәжбүрлеп отыр.    


"Кейбір бөлмелерде сылақ құлап жатыр, кейбір бөлмелерде ремонтты шала-пұла жасаған жағдайлар кездеседі. Сол себептен де біздің мақсат осы екі аптаның ішінде 94 жатақхананы жүріп өтіп ЖОО басшыларына студенттердің мазасын алып отырған сұрақтарды көрсетіп, жазда осы жерлерді жөндеу керек" дейді әкімдік өкілдері.

Алматы қаласында 38 жоғары оқу орны және 94 жатақхана бар екен. Оларда отыз мыңнан астам студент тұрады. Әкімдік қызметкерлері алдағы екі аптада соның барлығын бастан аяқ тексеріп, кемшіліктерді Білім министрлігіне жеткізбекші. 

Соңғы жаңалықтар