«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен Қазкоммерцбанктің «Құс жолы» қайырымдылық қоры ұйымдастырған аталмыш жоба жаңадан өз кәсібін бастаған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Оның жалпы бюджеті 8 миллион теңгені құрайды. Жобаға 1-2 топтағы мүгедектігі бар жасы 18-ге толған өз кәсібін 2011 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі кезеңде алғаш тіркеген, бойындағы дарынын, білімін, тәжірибесін жүзеге асыруға құлшынысы бар ел азаматтары қатыса алады. Қазақстанның 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында өтетін бұл шара екінші кезеңнен тұрады. Онда алғашқы кезеңге қатыса алмағандар 1 қыркүйек пен 26 қазан аралығында екінші кезеңде өз бағын сынауға құжаттарын ұсынады.
«Жұлдыздарға қара» жобасының Алматы қаласы бойынша бірінші кезеңінің жеңімпазы атанған Қ. Мұхаметова 100 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болды. Оған ноутбук, принтер және модем сатып алынды. 1958 жылы Риддер қаласында дүниеге келген Қарлығаш жеті жасында сырқатқа шалдыққан. Дәрігерлер алғашында лейкемия, кейін балалар сал ауру деп 2 мәрте қате диагноз қояды. Ревматикалық полиартритпен ауыратыны сырқаты асқынған кезде ғана белгілі болады. Жүріп-тұра алмайтын дәрежеге жетіп, ішкі органдары зақымданып, өсуі тоқтаған ол көмекшісіз күн кеше алмайтын жағдайға жеткен еді. Алайда бұл оның жігерін жасыта алмады. Бала кезден сөзжұмбақ шешуді әдетке айналдырған Қ.Мұхаметова кейін өзі де сөзжұмбақтар құрастырып, оны мерзімді басылымдарда жариялауға қол жеткізген. Бұл оның «Жұлдыздарға қара» жобасына екініш рет қатысуы. Алғанш рет 2005 жылы 50 мың теңге ұтып алған ол компьютер сатып алған болатын. Техниканы игерген соң дизайнерлік бағдарламаларды үйреніп, сөзжұмбақтарды компьютерде жасай бастайды. Бұл оған күрделі сөзжұмбақтар құрастыруға жаңа мүмкіндер тудырды.