Б.Байтасовтың айтуынша, «Коммерциялық жылжымайтын мүлік орталығы» компаниялар тобы рыноктағы ағымды қадағалауға және оның болашақ дамуы туралы болжамдар жасауға мүмкіндік беретін талдау сипатындағы ақпараттар тапшылығын қанағаттандыру үшін Алматыдағы жылжымайтын мүлік рыногына жылдық шолу жасады.
«Таяу жылдары Алматыда жылжымайтын мүліктің бағасы арзандайды деген дақпырттар мен пікірлерге ешбір негіз табылмай отыр»,- дейді «Коммерциялық жылжымайтын мүлік орталығы» — Консалтинг департаментінің директоры Руслан Тілеужанов. Оның пікірінше, қаладағы жылжымайтын мүлік рыногында баға қысқа мерзімге ғана тұрақтанып барып қайтадан көтеріледі. «Коммерциялық жылжымайтын мүлік орталығының» болжамына сәйкес, коммерциялық жылжымайтын мүлікпен бірге баспана құны да қымбаттай түспек.
Р.Тілеужановтың айтуынша, жаңа тұрғын үйлердің көптеп бой көтеруінің өзі сатылатын ескі үйлердің бағасының арзандауына айтарлықтай әсер ете алмайды. Орталық жария еткен шолуға сәйкес 2004-жылы Алматыдағы ескі үйлер рыногындағы бағаның өсімі ауданына қарай 9-30 процентті құрады. Қазіргі таңда 1 шаршы метр тұрғын үйдің орташа құны 933 долларды, айлық орташа ұсыныс көлемі 3-3,5 мың нысанға тең болып отыр.
Дегенмен, «Коммерциялық жылжымайтын мүлік орталығы» сарапшыларының айтуынша, жаңа тұрғын үй сатып алуға ипотекалық несие алу мүмкіндігі сатып алушыларды ескі тұрғын үйдің орнына жаңасын сатып алуға бетбұрыс жасауына жол ашады. «2005-жылы бұл ағым сақталады. Және біздің бағалауымызша, 2003-2004-жылғымен салыстырғанда пайдалануға берілетін тұрғын үйлер саны 2 есе өседі»,- дейді компаниялар тобының өкілдері.
Б.Байтасовтың айтуынша, коммерциялық жылжымайтын мүлік рыногында жаңа нысандар санының артуымен бірге қазіргі бар ескі ғимараттарды жөндеу де кеңінен етек алады. 2005-жылы жаңа нысандар салу және қосалқы құрылыстар тұрғызу арқылы кеңсе ғимараттарының саны 6-8 процентке артады.