Қаржы полициясының қызметкерлері Алматыдағы ақша айырбастау орындарында 200 евролық және 100 долларлық жасанды купюраларды сатуға жасалған әрекеттер бойынша төрт азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғады.
Мәселен, 2003-жылдың 15-тамызында 16 сағаттар шамасында Х есімді бір азаматша 200 евролық екі купюрамен 400 евроны ауыстыруға ниет білдірген. Айырбас бөлімшесінің қызметкерлері ақшаны ультракүлгін сәулелі арнаулы аспап көмегімен тексерген кезде олардың жасанды екені әшкереленді.
Ақша айырбастау бөлімшесінің қызметкерлері жасанды ақша айырбастауға жасалған әрекет туралы Алматы қалалық қаржы полициясы департаментіне хабарлады. Қаржы полициясының қызметкерлері жасанды ақшаны тәркілеп, оны айырбастауға әрекеттенген әйелдің қолындағы заттарына тінту жүргізген кезде тағы да 600 евро табылды.
Сол күні әйелдің үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 206 -бабы, 1-тармағына сәйкес жасанды ақша жасау немесе сату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті тұтқындалып, Алматы ІІББ-ның уақытша тергеу қапасына қамалды.
Сондай-ақ, ақша айырбастау бөлімшесінде жасанды ақшаны ауыстырмақ болған У есімді тағы бір азамат ұсталды. Кейін белгілі болғанындай, әлгі азамат ақшаның жасанды екенін біле тұра оны айырбастауға әрекет жасаған. Жасанды купюраларды айырбастауға жасалған әрекеттердің барлығы да бақылау камераларының көмегімен түсіріп алынған.
Сараптама қорытындысы да тәркіленген 2200 евро мен 100 АҚШ долларының жасанды екенін дәлелдеді. Осы деректерге байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.