Бүгін таңға жуық жансақтау бөлімінде 18 шілдеде Алматыда болған атыстан ауыр оқ жарақатын алған полиция сержанты Жалғас Келдібаев қайтыс болды, деп хабарлайды Caravan.kz қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалады. Олар полицейдің өмірін сақтап қалу үшін соңына дейін күресті", — деген хабарламада.
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыда террористік акт болған еді. Белгісіз ер адам Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасады. Оқиға салдарынан бес адам, оның ішінде үш полиция қызметкері қаза тапты. Қалада террорлық қатердің қызыл деңгейі жарияланды. Қылмыскер ұсталды, ол бұрын істі болған Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлекбаев болып шықты.
Бұған дейін Алматы ауруханасында атыс кезінде жарақат алған полицей Серік Абильдаев пен Мейрамбек Рахматуллаев көз жұмған болатын.