Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 10-желтоқсан күнгі кеш пен 11-желтоқсанға қараған түн аралығында балалардың қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына Алматыдағы «ГауҺар» орталығында тәрбиеленуші 3 пен 8 жас арасындағы 18 бала ауыр ішек инфекциясының белгілерімен жатқызылған болатын. Бұған дейін зардап шеккен балалардың саны 19 деп хабарланған еді. Балалардың жағдайы «ауыр» және «орташа ауыр» деп бағалануда.
Қалалық тазалық-індет станциясы басқармасының шешімімен Ақсай-4 ықшамауданында орналасқан балабақша жабылды. Бұл жерде тазалық-індет станциясы, қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік басқармасы мен полиция топтары жұмыс істеуде. Балабақшадағы азық-түлік тауарлары тәркіленіп, зертханаға тексеруге жіберілді.