Алматыда «Жаппай диктант-2015» шарасына қатысып, диктант жазған 100 адамның екеуі ғана «бестік» алды.
«Алматыда диктант жазуға 250 адам ниет білдірді. Бірақ диктант жазуға тек 100 адам ғана келді. Мақсатты аудиториямыз жұмыс істемейтін жастар, студенттер емес, жуырда ЖОО бітірген адамдар болатын», — дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі Данияр Сәбитов.
Оның айтуынша, диктант жазғандардың 90 пайызы қыздар.
«Бестікті» қанжығалағандардың екеуі де қазақ. 15 адам диктантты «төртке» жазды. Қалғандарының бағасы «үш пен екі». «Екілік» тым көп болды», — дейді ол.
«Үздіктердің аз болуы заңды нәрсе. Өйткені, орташа баға ол – «үштік» болып саналады», — дейді ол.
Д.Сәбитовтің айтуынша, диктант жазу барысында көп адам тыныс белгілерінен шатасқан. «Көп адамдар үтір, нүктеден қиналды. Күрделі сөздерді жаза алмай мүдіргендер де болды. Мәселен, «патефон», «дирижер», «вполуха» деген сөздерді жаза алмағандар бар», — деп қосты ол.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматы биыл «Жаппай диктант» шарасына тұңғыш рет қосылды. Шара 18-сәуірде өткен болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2015 жылғы диктантты жазғандардың 1-2 пайызы ғана «өте жақсы» деген баға алған.
18-сәуірде жаппай диктантты 93 мыңнан астам адам жазған шараға 58 ел, 549 қала, Антарктиданың 4 станциясы қатысты.