Алматыдағы жарнама құрылғыларының неліктен жаппай қиратылып жатқаны айтылды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыдағы жарнама құрылғыларының неліктен жаппай қиратылып жатқаны айтылды

Алматыдағы жарнама құрылғыларының неліктен жаппай қиратылып жатқаны айтылды

Алматы әкімдігі қаладағы билбордтар мен лэд-экрандардың жаппай қиратылуының себебін түсіндірді. Біраз күннен бері шетінен алып тасталып жатқан жарнама тақталары ескі болғандықтан шенеуніктерге жақпай қалыпты. Сондықтан шетінен кесіліп жатыр екен. Тек бұл туралы сол құрылғылардың иелеріне ескертуді ұмытқан.

  • 8 Наурыз 2017
  • 1363
Фото - Caravan.kz

Жалпы, қалада әлі мыңға тарта осындай жарнама алынғалы жатыр екен. Сол себепті даудың әлі өршитін түрі бар, деп хабарлайды КТК телеарнасы. 

Алматыдағы билборд біткенге қырғидай тигендер туралы кеше де хабарлағанбыз. Темір бағаналарды түнделетіп кескендерге бұйрық берген қала әкімдігіндегілер бұл жайттың себебін бүгін түсіндірді.    

"Алматы қаласын абаттандыру ережесіне өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес, «ескі» форматтағы жарнама құрылғыларын жаңасына ауыстыру жұмыстарын бастадық. Қазір қалада 1 894  билборд бар. Оның 599 ауыстырылды. 984 кесіліп тасталды. Жаңалау жұмыстарының 83,9 пайызы атқарылды" делінген әкімдіктің хабарламасында.   

Яғни бір кездері өздері рұқсат беріп орнатқан билбордтар енді әкімдіктегілерге ұнамай қалыпты. Сөйтіп, оларды бір түнде алып тастауға кіріскен.

Түн жамылып қаланы жарнамадан тазартқандар билбордтарды қаланың шетіндегі мына ми батпаққа әкеліп тастапты. Мұның өзін кәсіпкерлер түн баласы ұйықтамай, іздестіріп жүріп әрең дегенде тауып алған. Енді әрқайсысының құны 900 мың теңге тұратын жарнама бағаналар қазір мұнда құны көк тиынға да татымайтын қоқыс боп жатыр. 

Вадим Козинец – жарнамасы қоқыста жатқандардың бірі. Билбордтан нанын тауып жүрген кәсіпкер бақандай 96 миллион теңге шығынға батқан.


"Далада қалдырды. Несие алып, кәсібімді жасап жүр едім. Енді оны қалай төлеймін? Тапсырыстың орнын қалай толтырамын? Бұл деген жабайылық. Жарнамаңды алып таста десе, өзім-ақ алар едім. Енді бәрі жарамсыз боп қалды" жарнама таратушы компанияның директоры Вадим Козинец.

Осы жайттың кесірінен бас-аяғы қырық кәсіпкер біраз табысынан қағылыпты. Қоқыста жатқан билбордтары кәдеге енді жарамайды. Тек кесіп, темір-терсекке өткізу ғана қалды. Ашуға булыққан жарнама тарату компаниясының өкілдері енді жабылып әкімдікті сотқа берейін деп жатыр. Сөйтіп, жанжалдың әлі де өрши түсетін түрі бар. Өйткені әлі 800-ге жуық ескі жарнама сүрілмек.    

Соңғы жаңалықтар