Алматы қалалық ІІББ жарылыс дерегі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің «бұзақылық туралы» 557-бабы, 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Полиция сөйтіп, бұзақылық көрінісін басты жорамал ретінде ұстанып отыр. Сондай-ақ, кәсіпкерлер арасындағы есеп айырысу немесе қылмыстық топтар арасындағы шиеленіс деген долбарлар да назардан тыс қалған жоқ.
«Полицияның қолында әзірге ҚР Қылмыстық кодексінің «лаңкестік жөніндегі» 233-бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға дәлелі жоқ»,- деді М.Оразалиев. «ҚР Қылмыстық кодексіндегі анықтамаға сәйкес, лаңкестік дегеніміз — адамдарды өлімге душар ету , үлкен көлемде мүлік шығынына ұшырату немесе бұдан басқа да қоғамдық қатері бар залал-зардапқа душар ету қаупі бар жарылыс, қасақана өрт жіберу сынды қаскөйлік сипаттағы әрекеттер. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты қорқыту немесе мемлекеттік мекемелерді қандайбір шешім қабылдауға мәжбүрлеу үшін жасалады». Дегенмен, екі жарылыс та партияның кеңсесі орналасқан ғимаратқа айтарлықтай зардап әкелетіндей қуатты болмаған. Жарылыстың уақыты да оны ұйымдастырушылардың адамдарға қастандық ойламағанын айғақтайды, деді ІІББ-ның бастығы.
Дейтұрғанмен, М.Оразалиев тексеріліп жатқан жорамалдар арасында лаңкестік туралы жорамалдың да бар екенін жоққа шығармады. «ҚР ҰҚК де өз тарапынан түрлі жорамалдарды қарастырып жатыр»,- деді ол. Оларлың арасында Қазақстанда жұмыс істейтін исламдық фундаменталистік ұйымдардың қатыстылығы туралы болжам да бар. «Біз жинақталған барлық материалдарды сараптамаға тапсырдық, әзірге тергеу барысы бізді қайда жетектеп әкелетінін білмейміз»,- деді ол.
«Жарылыс салдарынан «Отан» партиясы кеңсесінің зардап шегуі біздің әрекеттеріміз басқа партияларға, соның ішінде оппозициялық партияларға қарсы бағытталатынын білдірмейді»,- деді Алматы қалалық ІІББ-ның бастығы.
«Қылмыстық полициясы басқармасының, , Алматы қалалық ІІББ-ның ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының, ҚР ІІМ-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі оңтүстік аймақтық басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен құралған» тергеушілер тобы қазір аталмыш ғимараттан орын жалдаған барлық ұйымдардың қызметкерлері арасында сауал салуда. Сол маңдағы басқа ғимараттардағы оқиға куәгері болу мүмкіндігі барлардан да жауап алынуда.
Осындай төтенше оқиғаның қайталануына жол бермеу үшін Алматы қалалық полициясы Алматы қалалық және аудандық әкімшіліктерін, барлық телерадиокомпаниялардың кеңселерін күшейтілген күзетке алды. Қоғамдық тәтіпті қамтамасыз ету жөніндегі полиция бөлімшелері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 28-қараша, жексенбіде кешкі 18 сағат 25 минутта «Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының ғимаратында араға 2-5 минут салып екі жарылыс болды. Әрбір жарылыстың қуаты тротил эквиваленті бойынша 200 грамм болған. Мамандардың бағалауынша, жарылғыш зат ретінде 200 грамм тротилге эквивалентті, толтырғышы мен қабыршағы жоқ тротил құтысы пайдаланылған сыңайлы. Жарылыстар салдарынан ғимараттың бірінші қабатының үшінші терезесіне ақау келді.