Жарияланды: 500

Алматыдағы «жетім бұрыштан» дау шықты

Алматыдағы көк базар маңайындағы «жетім» аталып кеткен бұрыштан тағы дау шықты. Айқайдың себебі: Медеу аудандық әкімдігінің биылғы көгалдандыру жұмыстарын өзге емес, дәл осы жерден бастайын деп отырғандығы. Алайда күнделікті тіршілік қамы үшін жалға пәтер алушылар мен ұсынушылар арасында делдалдық қызмет көрсетіп келген маклерлер басшылардың  бұл әрекетінде «бір жасырын астар бар» деп ойлайды.  Айтуларынша,  бұл әрекет оларды орындарынан ығыстырудың тағы бір оңтайлы әдісі.

Әдеттегі қалыппен жұмысы жүріп жатқан «жетімбұрыштықтардың» шырқын бүгін түс ауа төгілген топырақ үйінділері бұзған. Жиналған топтың айтуынша, әкімдік өкілдері бұл әрекеттерін көгалдандыру жұмыстарына кірісіп жатқандықтарымен түсіндірген.

-  «Әкімшіліктен келдік»деген біреулер мына жерге топырақ төгіп кетті, жүретін жолға. Оған қандай басшы рұқсат беріп отыр екен?!

Алайда ашынған топ ешқандай да көгалдандыру жұмысының жүргізілетініне сенбейді. Себебі: 30 бұл жылдан бері жалға пәтер алушылар мен берушілердің арасын жалғап, соның арқасында күнелтіп келе жатқан адамдардың тұрақты мекені. «Бірақ,соңғы уақытта жаппай қала басшыларының қудалауына ұшырадық» -дейді  олар.

Дәулет Бөрібаев, маклер:

- Бұл қандай жағдай, ХХІ ғасырда адамдар жүретін жерге топырақ төгу деген?! Бұл - маклерлер жұмыс істемесін деп жасап отырған әрекет. Енді  сөздерінен тайып, шетке төгеміз деді. Мұндағы халық ақымақ емес қой! Сол үшін қарсы шыққан бір адамның басы жарылды. Оны жаңа полиция алып кетті.

Осы маңайдағы дәмханада отырған әкімдік өкілдері тілшілермен тілдескісі келмеді.

- Біз бұл жерде жай, шай ішіп отырмыз.

Бірақ бірер минуттан соң, шай ішкен мырзаларға шулаған жұрт тап берді.

- Менің алты балам бар, барлығы маған қарап отыр. Сен сонда маған жұмыс тауып бересін бе? Бұларыңне?!

Алайда басшылардың айтуынша, бұндай әрекетке баруларына маклерлердің өздері себеп болған. Өйткені олар бұл жерді таза ұстамайды екен. Оған айналадағы тұрғындардың түсірген шағымдары негіз. Сондықтан қаланың таза болуын қалайтың әкімшілік биылғы көгалдандыру жұмысын осы халық арасында «жетім бұрыш» деп аталып кеткен жерден бастауды жөн санапты.

Серік Түймебаев, Медеу аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы:

- Топырақ төгу - көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін басталған шара, тротуарға емес, қасындағы жолдарға. Өздеріңіз білесіздер, бұл жерде санитарлық талаптар сақталмайды; ағаштарды сындырып, барлығын таптап тастаған. Бұлай болмайды, қала әдемі болуы қажет.

Қаланың әдемілігі үшін бе, әлде шынында да көпшілік айтқандай «жетім бұрыштың» бұрыш болмауын қалады ма, басшылық көшені көгалдандыру жұмыстарына ертеңнен бастап кіріспекші.  Ал шулаған маклерлердің жағдайы бұл жолы да шешілусіз қалды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть