Жарияланды: 390

Алматыдағы жылу құбырларының жартысынан астамының тозығы жеткен

Алматыда да аязға төтеп бере алмаған ескі жылу жүйелері сыр беріп, тұтас бір аудандағы тұрғын үйлер, ауруханалар, мектеп пен балабақшалар бір тәулік бойы жылусыз, ыстық сусыз отырды. Тозығы жетіп жарылған магистральды құбыр қазір бітелген. Дегенмен бұл қаланың коммуналдық қызметі мәселені түбегейлі шешті деген сөз емес. Оңтүстік астанадағы барлық жылу жүйесінің жартысынан астамы қазір әбден тозығы жетіп тұр. 

Алматыдағы 20 градустық аяз қала тұрғындары мен коммуналдық қызмет өкілдерінің жұмысын сынаған сыңайлы. Соңғы екі күн ішінде қалада жылу жүйесінде орын алған екі ірі апат салдарынан 180-ге жуық көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалып, жұрт бір тәулік бойы электр жылытқыштармен амалдаған.

Апат салдарынан тұрғын үйлерден бөлек 8 мектеп, 6 балабақша мен 2 емхана жылусыз қалған-ды. Соған қарамастан медициналық мекемелер апаттық жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болып, 12 операция жасаған. Ал жергілікті басшылық жағдай ушыға түссе тұрғындарды жайғастыратын арнайы орындарды дайындап үлгеріпті. Себебі қақаған суықта жылусыз қалғандар әлі де шағымдануда.

БекқалиТорғаев, Әуезов ауданының әкімі:

- 142 көпқабатты тұрғын үйдің барлығына жылу берілді. Қазіргі сәтте 30-35 жеке үйлерден шағым түсіп жатыр. Онымен авария қызмет көрсету мамандары айналысып, анықтайтын болады.

Жылусыз қалған ауданның басым бөлігі жылу жүйесіне қосылғанымен, апат орнында жұмыс әлі де аяқталмаған. Дегенмен магистральды жөндеп жатқан аймақ кешке дейін қалпына келтірілмек. Айта кетерлігі бұл жолы да тозығы жеткен құбыр апатқа себеп болып отыр. Диаметрі 800 мм құбыр 86 жылы салынып, осы күнге дейін ауыстырылмаған екен.

Михаил Коржов, «Алматы Жылу» МКК бас директоры:

- Тозығы жеткен құбырлар 60 пайызға жуық. Биылдан бастап қаржыландыру жақсартылғанымен үлгермей жатырмыз. Себебі жүйенің барлығына күрделі жөндеу жұмыстары қажет.

Айта кетейік, бұл соңғы 3 күн ішінде Алматының жылу жүйесінде орын алып отырған екінші апат. Өткен демалыс күндері шаһардың жер үйлер шоғырланған төменгі бөлігінде де құбыр жарылып, ыстық суға 9 адам күйіп қалған болатын. Ондаған үй су астында қалды. Сондықтан қаланың жылуына жауапты шенділер, келер жылы бөлінген қаржыға түгел осындай ірі магистральдық құбырларды ауыстыруға жұмсаймыз деп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін