Бұл туралы Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейін бес жылдық жоспарының жобасында айтылған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Kazinform-ға сілтеме жасап.
- Жыл сайын қаладан 80 км радиуста 200-ге дейін әлсіз жер сілкінісі болады. Бұл ретте, қарқындылығы 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режим болып есептеледі. Қала аумағында 27 тектоникалық ақаулар бар. Олардың 60%-дан астамы таулы аумақта орналасқан, — деп жазылған құжатта.
Даму жоспарындағы дерекке сенсек, қаладағы тексеруден өткен 20 мыңнан астам ғимараттың 5,6 мыңын жер сілкінісіне төзімді етіп жөндеу керек немесе сүріп тастау қажет.
- Қаланың сейсмикалық қауіпсіздік деңгейін бағалау үшін Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы «Еуростандарт» негізінде сейсмикалық шағын аудандастыру картасын әзірледі. Оған сәйкес қала 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Жер сілкінісіне төзімділік талаптарына сәйкес келмейтін объектілер мен ғимараттарды анықтау үшін 2017-2018 және 2023-2024 жылдары 20 мыңнан астам объектіге паспорттау жүргізілді. Олардың 26%-ы (5,6 мың объект) сейсмикалық күшейтуді немесе бұзуды талап етеді, — делінген құжатта.
Бұған дейін деректерде шаһардағы жер сілкінісіне төзімсіз нысандардың саны 3 мыңның төңірегінде екені айтылып келген.