Әлеуметтік желіде парасатты, пайымды, қазақшыл, өте сауатты ой-пікірімен танылған Бота Дн Алматыдағы Розыбакиев көшесіне Мағауин атын беруді ұсынды.
«Алматының шетіндегі, баяғы переселендердің салған жапырайған ұсқынсыз үйлері орналасқан қисық, шолақ көшесінің біріне емес, орталықтағы көсіліп жатқан даңғылдардың біріне мысалы , ұзындығы 7000 метр Розыбакиев атындағы көшені Мұхтар Мағауин даңғылы деп ауыстыруға күш салып, нәтижесін шығарар. Розыбакиев деген ұлтқа қандай еңбегі сіңгені белгісіз біреу. ВК анықтамасында Жетісуда келмеске кеткен Совет өкіметін орнату жолындағы күреске қатысушы, Әскери революциялық комитеттің мүшесі деп жазылыпты», — деді ол.
Сонымен қатар ол жарқыратып Мағауин орталығын ашу керектігін алға тартты.
«Алматының көрнекті жеріне Батыс Еуропа скульптура үлгісіндей көрген адам өте шықпай, бұрылып тоқтап қарайтындай, тарихи жәдігер, ерекше көркем құндылығы бар ескерткіш қойғызсын. Кітабын қолына ұстап көрмеген ақ, қара, сары нәсілділер “ бұгім екен” деп, ең құрымаса википедияны ашып қарауы сөзсіз, ары қарай қызығып оқып, санасынан саңылау ашылуы да мүмкін. Насихатталсын. Мұхтар Мағауиннің әрбір сөйлемі өз алдына өмір сүре алатын қанатты, мағыналы. Мектеп оқу бағдарламасына енгізіліп, талданып, оқытылсын. Өшпес еңбектері экрандалсын», — деп қосты.
Алматыда Мұхтар Мағауинге көше беру туралы пікірді журналист Дастан Қастай қолдады.
«Меніңше, өте-мөте дұрыс ұсыныс. Ұлтымыздың тарихын түгендеп, қилы кезеңнің өларасынан аса бай рухани орамымызды, бағалы бедерімізді аршып алған Мұхтар Ата Мағауин атындағы көше жас ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, қоғамдық қозғалысқа, өз қаламыздың тарихи мазмұнын байытуға әбден лайық», — деді ол.