Замира Айтжанова – Каспий мемлекеттік университетінің оқытушысы. Білдей кафедра доценті енді үйіне қайтуға ақша таппай жүр. Алматыға тіл үйренемін деп келген ұстаз екі ортада теңгесіз қалған.
“Кредитке төлейін деп отырған ақшамызды жұмсадық жолымызға, пәтерге. Мен енді үйіме кете қалмай қалуым да мүмкін”, – дейді Каспий мемлекеттік университетінің оқытушысы Замира Айтжанова.
Ұстаздарды Білім министрлігі ағылшын тілін үйретпек боп Алматыға шақыртқан екен. Ал шәкіртақысын келген бойда төлейміз деген. Алайда теңгесі сол күйі түспей, жүздеген педагог жиырма күннен бері тентіреп жүр.
“Жағдайымыз өте нашар. Барлығымыз пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Ақша қалмады”, – деді С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің оқытушысы Нұрлыхан Әйітова.
“Келгеннен кейін бір аптадан кейін беріледі деген. Берілмей отыр. Бір-біріне сілтеушілік көп. Мұғалімдердің қандай кінәсі бар? Ешқандай кінәсі жоқ”, – дейді Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Зоя Сейілова.
Бәрінен бұрын алыс өңірлерден ат арылтып келген ұстаздар қиналған. Бар қаржысын пәтерге төлеп қойып, ал тамаққа ақшасы таусылыпты. «Ағылшынша оқимыз» деп жүріп аштан қалмас үшін амалсыздан үйлерінен ақша сұратыпты.
Дегенмен, мұғалімдердің барлығының бірдей мұндай мүмкіндігі де жоқ екен. Көбі жалақысына дейін жұмсап қойған. Ендігі қайтар жолға ақша таппаған 500-ге тарта педагог бүгін жиналып шу шығарды. Олармен кездесуге Білім министрлігінің өкілі де келген. Өздеріне шаң жуытпаған шенеуніктер бар кінәні ұлттық университеттерге аудара салды.
“Жоғарғы оқу орындары шотты кеш ашуына байланысты ақшаларын алған жоқ. Қалай ақша түседі, береміз оқытушыларға. Осы аптада түседі қаржы”, – деді ҚР Білім және ғылым министрлігі департаментінің бас сарапшысы Наужан Дидиарбекова.
Мың адамға бір айда ағылшынша сайратамыз деген министрліктің әрекеті, қашанғыдай игерілмей қалатын бюджет ақшасын үлестірудің бір жолы ғана болса керек. Оның өзінде, тіл үйретуге тендер жазда жарияланыпты. Сонда оларды Алматыда 4 бірдей жоғары оқу орны қарсы алады деп ұйғарылған. Тек теңге сол күйі аударылмай, ұстаздар жолақысына дейін өздері төлеген. Ал мұғалімдерді ойлап басын ауыртқысы келмеді ме ұстаздарға мән-жайды түсіндіруге келген министрлік өкілі жиналысты сол күйі бастамастан кетіп қалды.