Алматылық бүлдіршін Алина Сансызбай Украинаның «Дауыс. Балалар» жобасына қатысып, екінші айналымға өтті, деп хабарлайды Stan.kz.
Сегіз жасар жеткіншек американдық әнші Арета Франклиннің «Think» деген әнін орындап, әділ-қазылар алқасы мен залда отырған көрермендерді таңқалдырды. Тек олардың біреуі ғана біздің отандасымызға бұрылды. Ол – украиналық әнші Монатик. Алдағы уақытта Алина дәл осы кісінің «қарамағында» ән салатын болады.
«Неліктен саған бұрылғанымды білесің бе? Өйткені орнымда отыра алмадым. Мына еліктірерлік тембрлі дауыстың иесіне, оның жүзіне тура қарағым келді», – деп атап өтті Алинаның тәлімгері.
Айта кетейік, Алина Сансызбай Мәскеуде өткен “Поколение NEXT-2015” фестивалінде жеңіске жеткен. Одан бөлек, Алина бала күнінен бимен және каратэмен айналысады.