Әзима Бекетова — екі баланың анасы. Үлкені 2-ге енді толды, ал кішісі әлі есін біле қоймаған 7 айлық қыз. Ес біліп қалған ұл әкесін сұрап қояды. Бірақ Әзиманың сәбилеріне отағасының сотталғанын айтуға аузы бармайды.
Кішкентай Хамзаның «әби» дегені әкесі- Қайнар Момбеков. Әзима онымен екі жылдан аса уақыттан бері азаматтық некеде тұрған екен. Бірақ өткен шілде айында жігіт экстремистік топтарға қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған. Көп ұзамай 4 жылға бас бостандығынан айырылып, «ЛА 158/18» түрмесіне тоғытылыпты. Содан бері жары екі баласын жетектеп түрменің табалдырығын тоздырып жүр.
Әзима Бекетова:
— Сот болды, үкім шықты дегеннен кейін мен жолдасыма барайын десем кіргізбейді. Сізде АХАЖ жоқ жақындай алмайсыз деп. Азаматтық қорғаушы ретінде болады екен бірақ оған да АХАЖ керек. Мен міне солай екі баламен үйде отырмын, жолдасыма үнемі барып жүре алмаймын.
Дәл осы себепті Әзима заңды түрде некесін қидыруға бекініпті. Тіпті, заңгерлердің сұраған барлық құжаттарын да рәсімдеген. Бірақ, сөзіне сенсек, тура неке қиылар күні түрме басшылығы күйеу жігітті басқа колонияға ауыстырып жіберген.
Әзима Бекетова:
— Жолдасым хат жазып жіберді телефонмен, солай деп. Басқа ештеңе сұрап үлгермедім. Содан кейін мен уайымдай бастадым.
Қалыңдықтың айтқанын түрме басшылығы да жоққа шығармайды. Айтуларынша, Қайнар Момбеков аталмыш мекемеге тек уақытша тоғытылған. Енді бұдан былай 4 жылдық жаза мерзімін Қапшағайда өтеуі тиіс. Тек жас жұбайлардың некесін қиюға неге мұрсат бермегендерін айтқыcы жоқ.
Десе де, Әзима сүйіктісіне қайтсем де жетемін деп бір амалын таппақ. Тіпті қажет болса, Астанадағы шенділердің есігін қағуға даяр.