Алтай Айнабекке ақпараттық шабуыл басталды! Маңғыстауға жаңбыр жауғызған осы Алтай еді - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+25 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алтай Айнабекке ақпараттық шабуыл басталды! Маңғыстауға жаңбыр жауғызған осы Алтай еді

Алтай Айнабекке ақпараттық шабуыл басталды! Маңғыстауға жаңбыр жауғызған осы Алтай еді

Аралдың мәселесімен күресіп жүрген азаматқа кім қарсы?

  • 22 Шiлде
  • 22
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде «жаңбыршы жігіт» атанған Алтай Айнабекке шабуыл басталды. «Осы тұста елімізде жасанды жаңбыр жаудыру туралы бірер сөз айта кетейін» деп жазады Қайырғали Сыдиыхұлы, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Шындықтан қаша алмайсың осыған қатысты сауатты пікір білдірген Қайырғали мырзаның пікірін қаз-қалпында ұсынады. 

«2021 жылғы, әйгілі Маңғыстау жұты есімізде, иә? Жерге тамшы тамбаған қуаңшылықтан шөп шықпай, Маңғыстауда жаз айларында төрт түлік мал қырылды. 

Екі күннің бірінде шерулетіп, ереуілдетіп отыратын маңғыстаулықтардың наразылық — қысымымен, өңір әкімдігі, сол кезде жасанды жаңбыр жаудыру бағдарламасын қолға алып, қазіргі басы дауға қалған жаңбыршы жігітті, маңғыстауға алдыртты. Әрине, тегін емес! 

Бұлт шақырушы құрылғыларымен келген Алтай, маңғыстаудың әрбір жеріне құрылғыларын орнатып, бұлт шақыра бастады. Жаңбыр жауса — жерге сый, жігіт туса — елге сый деп, сол жобаға 2,5 млрд қаржы бөлінді. 

Жоба 2021 жылдың күзінде қолға алынғандықтан, күзгі жаңбыр ма, әлде, құрылғының көмегі ме, көктем мен жаз айларында тамбаған тамшы, сол күзде құйғаны рас, енді, оны мойындаймыз. 

Жаңбырдың алды — тамшы, арты —қамшы демекші, 2022 ші жылы, әкімдік бұл жобаны тоқтатты. 

Себебі, 2022 жылдың май айында төккен нөсер жаңбырдан Жаңаөзен қаласының бірнеше көшесі, бір мектеп су астында қалып, Ақтау қаласының кейбір су жаңа көпқабатты тұрғын үйлерінің шатырынан су тамшылап кетті. 

Ақтау мен Жаңаөзендегі суға кеткен үйлердің видеолары, әлеуметтік желілерде тез тарап, онсызда дүрлігіп отыратын Маңғыстау халқы мазасыздана бастаған соң әкімдік бұл жобаның арты өздеріне қамшы болып тиетіндігін жақсы ұқты. Ұқты да, жобадан бас тарта қойды… 

«Жаңаөзен халқы жиналып тасаттық берген соң нөсер жаңбыр жауып, қала көшелері суға кетті», дей салды. «Тасаттық берген өздерің, сел жүруіне өздерің кінәлісіңдер!», — деп, барлық айыпты халықтың өзіне арта салды ғой. 

Бұл сөзді жергілікті молдалар, діндәрлар іліп әкетіп: «иә, Алланың құдіреті! Бір өгіз құрбан шалып едік, Жаңаөзенге ешқашан жаумаған жаңбыр жауды!», — деп шулап кетісті.

«Жаңбыр өзін селге санайды, құдық өзін көлге санайды» демекші, құрылғының құдіретімен жүрген селді, тасаттықтың құдіретіне санап, дұғаның құдіретіне балап алды молдекеңдер. Мейлі ғой, «арам молда — алдап жер» деген…

Ғаламтор жаңалықтарында шөлейтті араб елдерінде, сел мен тасқынның көбеюі, ең алдымен, осы жасанды жаңбыр жаудырушы құрылғылардың құдіреті. Араб елдері де, осы жобаға ақша бөліп, жасанды жаңбыр жаудырып отыр. Рас, құрылғының қуатымен жиналған бұлтты жынды жел жөңкілтіп өзге жерге әкетуі мүмкін. Арал теңізіне арналған бұлт жөңкіле көшіп Таразға төксе, Қаратауға құйса, онда Алтайдың айыбы қайсы?! 

«Аралды жаңбырмен толтырады», — деп айтқаны, менің де миыма сыймайды. Құрылғымен жаңбыр жаудыру деген де, менің миыма сыймаған еді. Бірақ, жаудырғанына 2021—2022 жылдары куә болық қой. Қазір де бүкіл ел куә! 

Алты ай жаз мезгілінде, төбеңнен артық тамшы тамса, жерге де, елге де құт емес пе?! Аралды толтырмаса да, тұзды шаңын тамшымен басып отырса, теңіздің бұрынғы табанына шөп шығуына себепші болса, бұған қуанымыз да, бұны қолдауымыз да керек».