Өзінен мүшел жас үлкен күйеуімен тоң-теріс қарым-қатынасы туралы да сырымен бөліскен өнер иесі осы жағдайлардың орын алуына анасы берген "теріс батаның кесірі шығар" деп ойлағанын жасырмады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы Халық үні сайтына сілтеме жасап.
"Алматыға келдім. Оқуға қабылдайтын жерге қағаздарымды көрсеттім. Жазу-сызуым тәуір шықты. Келіп отырғаным әншілер дайындайтын оқу орны ғой. Ән айтайын десем, даусым жоқ. Анау да келіп тыңдап, мынау да келіп тыңдап көріп, бастарын шайқап кетіп қалады. Аяқ астынан мүсәпір халге түсіп қалдым. Булыққаным сонша, солқылдап бір жылайын. «Неге жылайсың?» дейді көргендер. «Менің әп-әдемі даусым болған, соның аяқ астынан жоқ болып кеткеніне жылаймын» деймін. Содан бір мұғалім мені жетектеп дәрігерге әкелді. Ол ары-бері қарап: «Трахит, суық тиген» деді. Не істеймін десем, «Молчать! Не петь!» дейді. Қолыма дәл осылай жазылған анықтама ұстатты. Ауылға қайттым", — деген.
"Үйге келіп, шешеме оқуға кететінімді айттым. Біртүрлі ширығып алғанмын. Шешем "Ол бұзылатындардың оқитын оқуы. Осыдан кетсең, теріс батамды беремін" деді. Мен енді жалтақтамай кетіп қалдым. Шешем хабарласпай қойды. Іле-шала өзімнен бір мүшел жасқа үлкен адамға тұрмысқа шығып кеттім. Мұны естіген шешем "Айтып едім ғой, ол бұзылуға кетті" деп, менен бетін мүлде теріс бұрып алды. Тіршілігіміз қалт-құлт. Тұрған үйіміздің пешіне жаққан отымыз далаға кетеді. Бір танысымыз сексеуіл береді. Оны буып иығыма салып, трамвайға мініп үйге әкелемін. Екі сағат жүріп, көтеріп әкелген отыным жарты сағаттық жылу бермейді. Күйеуіммен арамыз да тоң-теріс. Бірде тоқ пешінің үстіне су қайнатып қойып, еден жууға кіріскенмін. Сол кездегі едендер баттасып тұра ма, пышақпен кырғыштап жатқанмын. Бір уақытта күйеуім ортада тұрған столды маған итеріп қалғаны, бір шелек қайнаған су үстіме төгілді. Иығым білегіммен қоса жидіп түсті.
Алты ай ауруханада жаттым. Күйеуім кешірім сұрап, "ешкімге айтпа" деп кетеді. Кішкентай әтірдің құтысына коньяк құйып әкеледі де, "осыны ішсең, тез жазыласың" дейді. Баламын ғой, айтқанын істеймін. Сөйтіп жүргенімде, қызым дүниеге келді", — деді Бибігүл Төлегенова. Осылай жүріп әнші дайындық курсын бітіріп, 1-ші курсқа қабылданады. Алайда оқуға барған әншінің дауысы шықпай қалған. "Мұғалімім "Сен енді әнші болмайсың. Басқа институтқа оқысаң да болады" деп қарап тұр. Тұрмыс қажытып, шешем кейіп жүргенде, мынау оңай соққы болмады. Ашынып кеттім. Ара-арасында теріс батаның кесірі осы шығар деп те ойлап қоямын", — деді әнші.