Мамандар бірқатар зертханалық жұмыстар жүргізген соң, осы заттар табылған қорымның біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға тән екенін анықтапты. Сондай-ақ Ресей, Германия, Жапониядан келген ғалымдар алтын әшекейлермен бірге жерленген қыз 17-20 жас шамасында болған дейді. Ал суретшілер сармат қызының бейнесін жобалап көрсетуге талпынған. Конусқа ұқсас бас киімі қазақ сәукелесіне келеді, ал белдіктегі суретте күннің шығуы мен батуы бейнеленген. Бұл бұйымдардың барлығы ұзақ уақыт бойы жасалып, оған жоғары сапалы алтын пайдаланылған. Енді археологтар «Алтын ханшайым» әлемдік тарихи-мәдени қорға енеді деген үмітте.