Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.
Үздіктерді анықтауға оқырмандардың ат салысуы байқаудың басты ерекшелігі саналады. Шығармаларды бағалау екі кезеңнен тұрады. Алғаш рет оқырмандар дауыс береді, бұдан кейін жұмыстармен қазылар танысады. Айта кететін жәйт, қазылар құрамында кәсіби қаламгерлер, әдебиетшілер жоқ. Көптің талқысына ұсынылған әдеби шығармалардың авторы да көрсетілмейді. Мұндай талаптар жүлденің әділ өтуіне кепіл бола алады. «Алтын қалам» байқауына қатысушылардың жас ерекшеліктеріне, ұсынылған жұмыстардың тақырыбына, көлеміне шектеу қойылмайды. Биыл байқауға қазақстандықтар ғана емес, шетел қаламгерлері де қатысып жатыр. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Чехия, Черногория, АҚШ, Израиль, Қытай, Малайзия, Германия елдерінің азаматтары бар. Жыл басында конкурсқа жұмыстарды қабылдау және дауыс беру шарасы қазанның 15 күні аяқталады деп жоспарлаған болатын. Бірақ биыл қатысушылар белсенділік танытып, соңғы күнге дейін шығармаларын жолдап жатты. Тіпті, 15 қазан күні жұмыстар әдеттегіден көп түсті. Олардың барлығын конкурстың akalam.kz сайтына орналастыру сағат 23.00 дейін жалғасты. Түнгі сағат 24.00 кейін келген шығармалар қабылданбады. Бәйгеге соңғы қосылған туындылармен оқырмандар танысып, бағалап үлгеруі үшін дауыс беру мерзімі қазанның 31-не дейін ұзартылды.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау шарасы қараша айының соңына жоспарланған.