Жарияланды: 710

«АЛЖИР» кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шара өтті

Бүгін «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шара өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен ұйымдастырылған жиынға қатысушылар құрбандарға арналған Еске алу қабырғасына гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиылған қауым мұражайды аралап, сол бір зұлмат жылдардан сыр шертетін тарихи жәдігерлермен танысты. Осыдан кейін қуғын-сүргінге ұшырағандар ұрпақтарымен «дөңгелек үстел» түріндегі кездесу өтіп, онда «АЛЖИР-дің» тұтқыны болған Л.Френкельдің немересі Дарья Виолина, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың немересі, Ақмол селолық округі әкімінің орынбасары Айгүл Сейітжанова, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтың қызы Күлпаш Қапанқызы Мұхамеджанова сөз сөйледі. «Біз осымен 14-ші рет диктатура тұсында жазықсыз жапа шеккен азаматтарды еске алу мақсатында жиналып, тағзым етеміз. Алдағы жылы 5 жыл толатын бұл мұражайда 20 мыңнан астам азаматтар туралы деректер бар. Сонымен қатар осы жерде тұрақты түрде қамауда болған 8 мыңға жуық әйелдер туралы нақты деректер жиналып, олардың өміріне қатысты жәдігерлер мұражайға қойылған», - дейді кешен директоры Болат Жүнісбеков. Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым: АЛЖИР - КарЛАГ» атты автошеруді бастауға арналған митингке жалғасты. 30-31 мамырда, екі күн бойы оған қатысушылар шеру бағытымен жүріп өтіп, Қарағанды облысы Осакаровка ауылының тұрғындарымен кездеседі. Долинка ауылында және Спасскі мемориалдық кешенінде еске алу шараларын өткізеді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өтетін «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть