«Коммерсанттың» хабарлауынша, Ресей президентінің әкімшілігі аталған орынға үміткер ретінде 20 адамды қарастырып жатыр екен. Олардың ең белділері – Төменгі Тагил қаласының басшысы Сергей Носов пен Мемлекеттік Думаның Кузбастан депутаты Дмитрий Исламов, деп жазады «Московский комсомолец».
Кемеров облысы әкімшілігінің аппаратына жақын адамдар Сергей Носовтың әлден-ақ аймақтың шенеуніктерімен танысып жатқанын жеткізді. Дегенмен, оның мұнда губернатор болатынына жүз пайыз кепілдік жоқ. Өйткені Аман Төлеев оған қарсы шығып, облысты жергілікті адам басқаруы керек деген болатын.
Енді аймақтың жаңа басшысын тұрғындар 12 шілдеде таңдауы мүмкін.
Айта кетейік, қазір Аман Төлеев омыртқасына Германияда жасалған отадан кейін Мәскеуде емделіп жатыр. Оның жағдайы өте ауыр деп саналуда.