"Америкада қалып қою ең актуалды дилемма": АҚШ-та білім алып жатқан қазақ қызы шетелде оқудың көлеңкелі тұстарын айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 503.15
  • 543.3
+13 °C
Алматы
2025 Жыл
2 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Америкада қалып қою ең актуалды дилемма": АҚШ-та білім алып жатқан қазақ қызы шетелде оқудың көлеңкелі тұстарын айтты

"Америкада қалып қою ең актуалды дилемма": АҚШ-та білім алып жатқан қазақ қызы шетелде оқудың көлеңкелі тұстарын айтты

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ның ресми сайтындағы ақпаратқа сенсек, Болашақ бағдарламасымен 1993-2025 жылдар аралығында 13 314 маман даярланған.

  • 3 Наурыз
  • 88
Фото - Caravan.kz

Алайда, аталмыш бағдарлама бойынша 30 жылда 270 түлек елге қайта оралмаған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып, Қазақстанға оралмаған стипендиаттардың көпшілігі АҚШ-та және Ұлыбританияда білім алғандар екен.

Қазақ жастары неге Америкаға әуес? Мұхит асып, білім қуып барған жастардың негізгі мақсаты қандай? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында Массачусетс штаты, Бостон қаласы, Бостон университетінде білім алып жатқан отандасымыз Асылзат Берістемқызын әңгіме тартқан едік.

— Асылзат Берістемқызы, шет елде білім алу деген мақсатыңыз қашан пайда болды? Және не себепті Американы таңдадыңыз?

Сәлеметсіз бе, Аружан ханым?! Бүгінгі сұхбатқа шақырғаныңызға көптен-көп рақмет. Мен өте арманшыл адаммын және кішкентайымнан білім-ғылымға, қатарластарымнан қарағанда біршама артық ізденіп жүруге тырысатын оқушы болдым. Меніңше,шет елде оқу туралы арманымның алғашқы дәні сонау мектеп қабырғасында егіле бастаған секілді. Қазақта: “Жақсы сөз жарым ырыс” немесе қазіргі психологтардың тілімен айтқанда, “визуализацияны” сол кезде іштей жасап жүрген екенмін. Неге АҚШ десеңіз, бұл жер, менің жеке ойымша, мың сан мәдениеттің тоғысқан нүктесі. Әлемнің ең беделді саналатын Гарвард, МІТ секілді ЖОО орналасқан ғылым өлкесін өз көзіммен көру, сол университеттердің түлектерімен сұхбаттас болу арманы мені Бостонға алып келген ең ізгі тілектердің бірі болды десем қателеспеген болармын.

Өзіңіз оқып жатқан оқу ордасының білім беру жүйесіндегі негізгі ерекшеліктерге тоқталсаңыз.


Біздің білім беру жүйесіндегі қалыптасқан, дәстүрлі, теориялық әдіс тәсілдерінің мұнда қолданылу ықтималдылығы жоқтың қасы. Өз сөзімді дәлелдермен тарқатсам, біздегідей алдыңа кітапты беріп, “оқы, жатта” деген түсінік мүлде жоқ, көбінде бір оқиға не теорияны тарқатқанда біз одан қандай тәжірбие аламыз, не болмаса олардың біздің өмірімізде қолданылу орны қандай деген сұрақтарға жауап іздейді. Сонымен қатар, білім берудің басты мақсаты-мәселені нақты анықтау, себеп салдарын табу және шешім ұсынып, оны қолдану деп басып айтады. Сәйкесінше, біз университет қабырғасында көп жағдайда кейстарды талқылап, зерттеу жасап,шешімдер ұсынуға жұмыс жасаймыз.

— Бізге «Америкада білім алу, өмір сүру» десе, көз алдымызға әдемі картина, мінсіз мемлекеттік жүйе елестейді. Ал шындығында сіз көрген Америка қандай?


Әрине, өмірде философиялық тұрғыдан мінсіз дүниенің (идеализм) жоқ екенін білеміз ғой, бұл жаққа келгенде сол дерекке тағы да көзім жете түскендей. Достарымның, таныстарымның маған ең көп жолдайтын сұрағы: “Америка жақсы ма, Қазақстан жақсы ма?” Әрине, бұл өте ерсі және қате сұрақ. Себебі, тағы да философияға оралсақ, кез келген дүниенің жағымды тұстары жағымсыз тұстары қатар еріп жүреді. Сол секілді бірқатар кемшіліктерді де байқап үлгердік. Ең әуелі, цифравизацияның бір саты ілгері келуі. Біздің елдегідей Каспийді ашып, 60секундта карточка шығарып алу немесе құжаттарды онлайн қолданып, қызметтік сервистерді қашықтықтан атқару функциялары өте аз. Келесі мен үйренісе алмаған бір дүние ол тамақ болды. Қазақстанға қайтқанда ел тамағын аңсап қайтамыз, АҚШта тамақтар көп калориялы немесе тұзды не шекері көп болып шығады. Алайда, мен бұны біздің генетикалық кодымызда “тамақ мәзірі” басқаша құрылғандығымен байланыстырдым.

— Болашақпен білім алуға барған қазақ жастарының арасында елге қайтпай қалғандары да аз емес. Өзіңізде Америкада қалу туралы ой бар ма?

Қазіргі таңдағы жастар арасында ең актуалды дилеммалардың бірі “Америкада қалып қою” болып тұрғаны жасырын емес. Мен мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасымен оқып жатқандықтан, берілген мүмкіндіктер үшін ел алдында өзімді қарыз адамдай сезінемін. Осы ойымды өзгелермен бөліскенде, біреулер “бұл патриотизм” деп қабылдаса, біреулер,”Мен сенің орныңда болсам,сол жақта қалар едім” фразасымен аяқтайды. Нақтырақ айтқанда, бұл жақта қалуға академиялық немесе жеке бас мәселелері бойынша да ниетті емеспін. Елге барып, алған тәжірбиеммен бөлісу — алдағы 5 жылдық стратегиялық жоспарымның басты пункттерінің бірі деп нық бекітіп отқан жайым бар.

— Дональд Трамп президент болып сайланғалы Америкада қабылданып жатқан жаңа заңдар мен реформаларды БАҚ беттерінен күнде оқимыз. Сол елдегі адам ретінде сіз қандай өзгерістерді байқап жүрсіз?

Мен өзімді саясаттағы талқылаудардан біршама алыс ұстайтын адаммын. Алайда, өзім “Жоғарғы Білім саласындағы басқарушылық” мамандығын оқып жатқардықтан, бұл саланың болашағының қалай өзгеретіні ел президентіне тікелей байланысты екеніне көзім анық жетті. АҚШ-тың ең қаржы көп айналатын саласы осы Жоғарғы Ғылым саласы. Сол себепті де Трамптың билікке келуі едәуір өзгерістер енгізіп жатыр десем қате айтпаған болармын. Сол себепті болар ЖОО орналасқан аймақтар Трамптың президент болуына аса ықылас білдірмегенін байқадым. Болып жатқан алғашқы оқиғалары мен өзгеріске ұшырап жатқан заңдардың біздің елге қатыстылары былай тарқатылмақ: кампустардағы студенттердің енді бейбіт шеру ұйымдастырулары шектелмек, егер шетелдік студент бейбіт шеру барысында ұсталса, визасы автоматты түрде жойылып еліне қайтарылмақ. Сонымен қатар, үкіметтен Жоғарғы Ғылым саласына бөлінетін қаржы қысқартуға ұшырамақ. Бұл дегеніміз шетелдік студенттерге университет тарапынан берілетін жеңілдіктерінің пайыздық мөлшерінің азаюына алып келуі мүмкін. Билікке Трамп келгеніне аз уақыт болғандықтан, бір нәрсені осылай өзгереді деп кесіп айту қиын, алайда Жоғарғы Білім саласында едәуір өзгерістер орын алатынына көзім жетеді.

— Алғаш мұхит асып, Америкаға келген кезде басыңыздан өткен қызықты оқиғалармен бөліссеңіз.

Бұл сұраққа шамалы уақыт ойланып,жауап беруге тырыссам да, ойыма аса бір қызықты оқиға келе қоймады. Тек бір қызық жағдай болған, университет студенттеріне тегін азық- түлік таратады деді, ай шіркін ай, қанымыз қазақ қой, тегінге құмармыз. Сонымен не керек, басқа студенттермен жапағай тармаса, сол жерге тарттық. Барсақ, бәрі орындарын алып жатыр, біз де барып,тұра қалдық. Бір кезде ортаға бір атам шығып, кітап беттерін парақтап бір өлеңдерді соқты дерсің, жанымыздағылар үнсіз, ол атамызды ең артқы жағына отырған соң ба, дұрыстап байқай қоймаппын. Сөйтсем, бұл шіркеу екен, шоқынып болған соң таратпақшы біздің көздеп отырған тегін тамағымызды. Жанымда еріп барғандар отыр, арасында көз қиығымен маған қарап күліп қояды, арасында қай құдай айдап келді дегендей өкініш те байқалады. Ешкімнің шығып кетер түрі жоқ, бар ұятымды жиып қойып, “excuse me”іме салып, шығып бара жатсам, артымнан қаздың балапандарындай бәрі ере кетті. Алайда, басқа да тегін азық түліктер беретін жерлер өте көп, жағдайы төмендерге, иммигрантарға түрлі түрлі бағытта. Бірақ мен сол жағдайдан кейін тегін тамақ дегенді естісем, “қой, рақмет” дейтін болдым.

— Сұхбат соңында бізді оқып отырған жастарға айтар әпкеліп ақыл-кеңесіңіз болса, мархабат.

Негізі шет елде, оның үстіне “Болашақ” бағдарламасымен оқып жатыр десе көбі ол адамға “сәттілік серік болған” адам ретінде қарайды, сыртынан қарап тон пішіп, ол адам үшін вирдикт шығарып тастайды. Ол ой мүлде қате, кез келген жетістіктің артында күмән, тәуекел, негативті ойлар, қайта сүрініп қайта тұру секілді басыңнан өткеру керек сезімдер жатады. Ең әуелі жетістікке жетуді ойлаған адам осы нәрселерге саналы түрде дайын болмақ керек. Бір жағынан, жетістік біз елестетіп алғандай өте қиын дүние де емес, әрекет етсең, Алла береді, жолына түссең жолы өзі апарады. Сол себепті, қазіргі жастарға өмірге жақсы жаққа өзгеріс енгізу үшін өзіңіз аңсаған болашақты елестетіп көріңіз дер едім, нақты картина мен пазлдарды құрастырып біткенде әрекеттер басталады. Құндылықтар мен миссияны анықтап, өмірдің мәні мен үшін не деген сұрақтарға жауап тапқанда әрекет ету жеңілдей бастайды. Жастарға айтпақ тағы бір ақылым, армандарыңызды майдаламаңыздар, үлкен нәрселерді армандарңыздар, жетістікке жетудің формуласының 90% астамы адамның ішкі факторына тәуелді. Қалған 10% ын құрайтын сыртқы факторларды да адам шын қаласа өзі жасап алады. Сол себепті ізденісте болыңыздар, өздеріңізді өзіңнің өткен шақтағы нұсқаңызбен салыстырыңыз, сонда жетістік картинасын құрастыру оңайырақ болады. 21 ғасыр- ғылым мен мәдениет майданы. Бұл кезеңде әрекет етпей отыру-қылмыс, жастық жігеріңді кіріп шығып жүруге, арзан күлкіге, үкіметті жамандап отыруға, біреуден дәм етумен өткізу кешірілмес күнә. Сол себепті адамдық антқа берік болыңыздар, әрбір күнді өздеріңіздің жақсы нұсқаларыңызды қалыптастыру үшін әрекетпен өткізіңіздер дер едім. Тағы да сұқбат қонағы қылғандарыңыз үшін рақмет,ел амандығында жүздескенше!

Әңгімеңізге рақмет!