Тұтас ұлтқа тіл тигізу зардабы: Қоғам биік мәдениеттің көшіне қашан ілеседі? - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
21 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тұтас ұлтқа тіл тигізу зардабы: Қоғам биік мәдениеттің көшіне қашан ілеседі?

Тұтас ұлтқа тіл тигізу зардабы: Қоғам биік мәдениеттің көшіне қашан ілеседі?

Қоғамда кемсіту мен қорлау әрекеттерінің символына айналған сөздер көбейді.

  • 12 Қараша
  • 11021
Фото - Caravan.kz

Қоғамда кемсіту, мазақ ету мен қорлау әрекеттерінің символына айналған сөздер көбейді. Көпшілік бетіне айта алмайтын ойын әлеуметтік желі арқылы жеткізе бастады. Жауапкершілік пен жазаны сезінбей, сөздерді қисынсыз жерде қолдану бір трендке айналғандай сезіледі. Алайда «аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген мақалды қазіргі қоғам ұмытып кеткендей. Осылай айтқан сөзінің мағынасын білмей жаза арқалап жатқан мысалдар да жеткілікті. Сондықтан пікірлерде жазылатын сөздердің түпкі мағынасына үңілген жөн болар. Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты саралап көрді.

Қазақтарға тіл тигізген қыз сотталып кетті

Алика Мухамадиева 23 жасар кәсіпкер. Қарағанды қаласының тұрғыны. Ол әлеуметтік желіде халықаралық алауыздық тудыратын пікір жазған. Нақтырақ өзінің Threads парақшасында жариялаған жазбада «Қазақстан немен танымал?» деген сауалға «мамбетами» деп жауап беріп, қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді мазақ етіп, мемлекеттік тілді «полукалбитский диалог» деп келемеждеген. Кейіннен кәсіпкер желіде кінәсін мойындап, кешірім сұраған болатын. Ол сотта да осы ұстанымынан таймай, кінәсін толық мойындады.

Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының соты Алика Мұхамадиеваға қатысты Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты Алика Мұхамадиеваны ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша — «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабымен кінәлі деп таныды.

«Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының соты Алика Мұхамадиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған айыптау үкімін шығарды. Осы үкіммен оған Қылмыстық кодекстің 74-бабының тәртібінде жазаны орындауды кейінге қалдыру шарасы тағайындалды. Сот үкімімен Мұхамадиева ҚР ҚК-нің 174-б. 1-б. бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды. Кейінге қалдыруды қолдануға оның 2 жасар баласының болуы негіз болды», — делінген Қарағанды облыстық прокуратурасы таратқан ресми хабарламада.

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық заңға 5 жылдан астам бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын жекелеген қылмыстарды қоспағанда, жас балалары бар әйелдер үшін жазаны өтеуді кейінге қалдыруды міндетті түрде қолдануды көздейтін өзгерістер енгізілгендіктен, бүгінгі күні жазаны кейінге қалдыру міндетті норма болып табылады. 

Алика Мұхамадиеваның оқиғасын бақылап отырған халық екі пікірге бөлініп, бірі қатаң жаза деп ойласа, екіншісі көпшілік үшін сабақ болғанын алға тартады. Бұл оқиғаға қатысты белгілі блогер Алексей Лодочников та пікір білдірді.

«Бәлкім, біреу оның жанарынан ұят сезімін байқаған шығар, мен өз басым көрмедім. Ол тек өз ойын көпшілікке айтқаны үшін ғана өкінді, себебі ол қазақтар туралы солай ойлайды. Тіпті соттың өзі жомарттылық танытты. Оның кішкентай баласын ескеріп, жазасын екі жылға шегерді. Мен ол өз қатесін расымен де түсінеді деп сенгім келеді. Соңғы жылда әлеуметтік желіде «батырлар» көбейіп кетті. Олар аузына келгенін айтып, жазасыз қаламыз деп ойлайды. Сондықтан бұл оқиға барлығы үшін сабақ.  Біз кімбіз және ойланбай айтылған сөздердің салдары қандай болатынын үйрететін мысал.  Жауапкершілікті күшейту керек. Бетіңе келіп ешкім ештеңе айта алмайды. Ал интернетте, пікірлер жазуға рұқсат сияқты. Басқа елдерде сотсыз-ақ оны өмір бойына қамап тастайтын еді», — деді ол видеосында.

Фото: Ulysmedia

«Лас дүниеге әуес халық» Ресейлік блогер де қазақтарға тіл тигізді

Әлеуметтік желіде қазақстандықтар 2,1 млн оқырманы бар блогер Эльмира Ілиясоваға (elle_happy_mom) байкот жариялады. Ол Қазақстан халқын қорлайтын хабарлама мен пікір жазған. Даулы оқиға «Сұрақ-Жауап» айдарында қазақстандық әйел қомақты қаржы қарызын күйеу жігітіне айтуға қорқатынын, ал өзі жүкті екенін айтып, ақыл сұраған. Блогер оған:

«Кешіріңіз, Қазақстанда қашаннан бері қыз баланың тұрмысқа шықпай жатып жүкті болуы қалыпты жағдайға айналған? Сіздер мұсылман емессіздер ме? Иә, барлық жерлерде кездеседі, бірақ сіздерде бұл тым жиілеп кеткен сияқты, тіпті үйреншікті жағдайдай көрінеді. Ұялыңыздар, күнәларыңызды жасырыңыздар», — деп жауап берген.

Бұл мәлімдеме жылдап тарап, халықтың ашуына тиді. Халық Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін түсіндіруге тырысқанымен, Эльмира Ілиясова бүкіл ұлтты қорлауға көшкен.

«Қазақстанның әйелдері, оранғанына қарамастан, некеге дейінгі серіктестерінің көптігімен және қыздарының көлемімен мақтануды қалыпты жағдай деп санайтынын енді түсіндім. Мұны маған өздеріңіз ренжу арқылы дәлелдеп отырсыздар. Өмір бойы кірдің ортасында өмір сүретін халық лас дүниеге әуес келеді», — деп жазды.

Қазір қазақстандықтар оның парақшасына шағымдануын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар ресми түрде тексеру үшін блогердің әрекетіне қатысты E-otinish порталы арқылы шағым түсіруге дайын.

Фото: Stan.kz

«Мәмбет» сөзінің шығу тарихы

Осы ретте жиі қолданылатын «мамбет» деген сөзге тоқталайық. Мәмбет – адамның есімі. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың құрметіне қойылған есім болғандықтан халық арасында ерекше қастерленеді. Арабтың «хәмд» мақтау деген сөзінен шыққан. «Мұхәммәд», «әхмәд» сөздері мақтаулы, мадақтаулы деген мағынаны білдіреді. Қазақ ішіндегі Махамбет, Мәмбетәлі, Ахмет есімдері де осы сөзбен төркіндес. Мәмбет есімімен тарихта қалған ірі тұлғалар көп. Мысалы: Мәмбет батыр Күнбасұлы, Мәмбет әулие Олжабайұлы, тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді т.с.с.  Мәмбет деп аталатын ру үш жүздің ішінде де бар. Мәмбет есімі қазақ үшін қастерлі ұғым болып табылады.

Ал енді «мәмбет» деген ұлағатты сөздің біздің қоғамда қазақты кемсіту, мазақ ету, қорлау әрекеттерінің символына айналып кеткені неліктен? Бұл сөздің бір кекесін баламасы – ауыл қазағы дегенді білдіреді. Герольд Бельгер бір сұхбатында: «Мен өзім де – мәмбетпін, былайша айтқанда ауыл қазағымын. Мәмбет деген – дала қазағы. Ондай қазақ мен үшін өте қымбат» деген еді.

«Біреу мұқатады екен деп біз неге өз табиғатымыздан безінуіміз керек? Керісінше, бойында қаны бар, ұлтсүйгіш азамат болып қалыптасу үшін қазақ балалары ауылда өскені дұрыс. Ауылда өскен баланың ұлттық болмысы, салт-дәстүрлерге көзқарасы, дүниетанымы да өзгеше болады», — деп пікір білдірген журналист, ғалым Темірғали Көпбай.

Кеңестік кезеңде қазақша сөйлеу, қазақ мәдениетінің иесі болу «дөрекі» саналды, орыс тілін білмеу «мәмбеттіктің» белгісі делінді. Журналистің пікірінше, «Мәмбет» сөзі орыстандыру саясатының католизаторы болды. Біздің қазақтар сол сөзден өлердей қысылатынын сезген орыстардың әдейі ойлап тапқан саяси әдісі. Мақсат – орысша сөйлемейтін ауыл қазағын жеккөрінішті ету, ауыл өмірін жиіркенішті көрсету еді. Елдің көзіне «мәмбет» болып көрінбеу үшін ауылдан келген қазақтардың өзі тілі жеткенше орысша сөйлеп қалуға тырысатын.

«Демек біз ауылдық табиғатымыздан ұялады екенбіз. «Ауылдағының ауызы сасық» деген сөзді құл санамызда өзіміз тірілтеді екенбіз. Өз қағынан жеріген құландай боп, өз табиғатымыздан өзіміз жерігеніміз қалай?», — деді ол.

Бүгінгі таңда мәдениеттану саласында «мамбетизм» деген термин пайда болды. Бұрын ауылдан шыққан қазаққа, орысша білмейтін қазаққа қатысты қолданылатын «мәмбет» сөзінің мағыналық аясы кеңейді. Енді бұл сөз тек орыс тілін білмегендерге қатысты айтылмайды.  «Мәмбет» атауы адамдардың мәдениетіне, күнделікті іс-әрекетіне, мінез-құлқына, тіпті түсінігіне қарай тағылатын болды.

«Герольд Бельгер сияқты «мен өзім де – мәмбетпін!» деп айта аласың ба? Айта алмайсың. Айтсаң елге жиіркенішті көрінесің. Бірақ өзіңнің де, өзгелердің де ептеп мәмбет екендігін ішің сезіп тұрады. Өйткені, қазақ қоғамы түгелдей биік мәдениеттің көшіне ілесіп кете алған жоқ. Ендігі жерде «мәмбеттіктен» қашу керек. Бұл жоғарыда айтқанымыздай «өз табиғатыңнан жеріну» емес, керісінше, ұлтты ұятқа қалдыру болып табылады», — деп қосты журналист.

Threads желісінде жиі кездесетін екінші сөз «мәңгүрт»

Қазір «мәнгүрт» сөзін де жиі кездестіреміз. Әлеуметтік желіде адамдар ойланбастан біреуге тіл тигізу үшін, не әзілмен жазады. Бірақ көпшілігі бұл сөздің қайдан шыққанын және шын мағынасын білмейді.

«Мәнгүрт» сөзі алғаш рет әйгілі қырғыз жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» атты романында пайда болған. Бұл шығарма 1980 жылы жарық көрген. Оқығандар кітаптың ішінде кездесетін аңызды естерінде сақтаған да болар. 

Романда жау қолына түскен жас жігіттердің өте қатыгез тәсілмен азапталғаны жазылған.  Олар тұтқынға түскен жігіттердің басын тықырлап алып, жаңа сойылған түйенің терісін қаптаған. Оны кепеш деп атайды. Кепешті кигізгеннен кейін тұтқындарды 5 күн ассыз, сусыз шөлдалада қалдырған. Күннің ыстығынан тері кебіп, қатайып, тұтқынның басын қысады. Ал шаштары терісінен шыға алмағандықтан, кері қарай өсіп, миына кіреді. Шаш 5 күнде 5 мм-ге өседі екен, депмек бұл миды зақымдауға жеткілікті мөлшер. Қорлыққа шыдамағандары өледі, қалғандары кім екенін ұмытады. 

Олар өз атын, тегін, отбасын, өткенін бәрін ұмытып, кім екенін де білмейді. Осылайша «мәңгүртке» айналады. Мәңгүрт қай елден шыққанын, кімнен туғанын білмейтін, тек кеудесінде жаны бар, ішіп-жеуге, қарадүрсін жұмыстарды атқаруға ғана қабілетті болып келеді. Олар тіпті алыс пен жақынды ажырата алмайды.

Айтматов шығармасындағы мәңгүрттің есімі Жоламон болған. Ол жаудың бұйрығымен өз туған анасын танымай атып өлтіреді. Осылайша «мәнгүрт» сөзінде қаншама ауыр тарих жатыр. Сондықтан жоғарыда аталған сөздерді ойланбай, кез келген жерде айтуға болмайды.

Перейти к новостям спорта