Жарияланды: 350

анкоматтан 13 млн. теңгені ұрлап кеткен ақтөбелік коммуналдық қызметтер үшін қарызын жапқан

Ақтөбе қаласында криминалдық полиция қызметкерлері іздестіру шараларын жүргізу кезінде банкоматтан ірі көлемде ақша ұрлаған қаланың екі тұрғынын ұстады.

Бұл жайында ҚР ІІМ баспасөз қызметінен хабарлады. Белгілі болғандай, желтоқсан айының басында полицияға екінші деңгейдегі банктің қауіпсіздік қызметінің бастығы сауда үйінің ішінде орналасқан банкоматтан 13 млн. теңге ақша ұрланғаны туралы шағымданған. Оқиға орнын тексеру кезінде күдіктілердің дүкеннің сырт жағынан терезені бұзып кіріп, сүйменмен және автокөлік кілтінің көмегімен банкоматты бұзып, одан 13 млн. теңгеден астам ақшасы бар 4 кассетаны ұрлап кеткені анықталды. «Дүкенде күзетші мен бейне бақылаудың жоқ екені анықталды, дабыл қағу жүйесі орталық пунктке қосылмаған. Банкомат ұрлық жасалғанға дейін бір күн бұрын ақшамен толтырылған. Қылмысты ашу үшін ІІД барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Бірнеше күннен кейін күдіктілер құрықталды, олардың 45 және 23 жастағы жұмыс істемейтін облыс тұрғындары екені анықталды»,-делінген ІІМ мәліметтерінде. Ұстау кезінде олардан ақша сақтайтын контейнер мен 513 мың теңге ақша тәркіленді. Күдіктілердің біреуі ақшаны жұмсап та үлгерген, яғни 2 млн. теңге қарызын беріп, коммуналдық қызмет қарызына 250 мың теңге төлеген. Қалған ақшаны өзара бөлісіп алған. Күдіктілер құрықталды. Тергеу жалғасуда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін