Олар Астанада құрылысы аяқталып қалған ұзындығы 400-метрлік айдыны бар Мұз сарайына, «Қазақстан» спорт сарайындағы коньки тебу стадионына, сол жағалаудағы велотрекке және ойындардың ашылу салтанаты өтетін «Астана»Арена» стадионына бас сұқты.
«Азиаданың басталуына 100 күнге жетер-жетпес уақыт қалды. Бұл елеулі шараға Қазақстанның өте белсенді дайындық жасап жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Қысқы спорт ойындары жаңа-жаңа дамып келе жатыр, дегенмен сіздердің аяқ алыстарыңыз бізді қатты қуантты»,- дейді АОК вице-президенті Т. Фок.
Мұз айдындары Туриндегі Олимпиада ойындарында қолданылған «кілемдік мұз» технологиясын енгізу арқылы хоккей алаңы ретінде қолданылмақ.
«Қазақстан Азиада нысандарын өте қысқа уақытта салып бітіріп қалғанына таңданысымызды жасыра алмай отырмыз. Спорттық кешендерде сынақ жарыстары қараша айында өтеді. Ол жарыстарда АОК бақылаушылары қатысады»,- деп атап көрсетті Т. Фок.
Азиялық Олимпиада кеңесі — қазіргі уақытта Азияның 45 ұлттық олимпиадалық комитетінен тұратын халықаралық олимпиадалық ұйым. АОК штаб-пәтері Кувейтте орналасқан.
2011 жылы Астана және Алматы қалаларында 7-шы қысқы Азия ойындарын даярлау және өткізу бойынша Ұйымдастыру комитеті Кәрім Мәсімовтің төрағалық етуімен Азия ойындарының жалпы жарыстар бағдарламасы мақұлданды.
Азиада бағдарламасы бойынша 69 медальдар жиынтығы ойналатын спорттың 11 түрі бойынша жарыстар өткізіледі. Ойындар өткізу қарсаңында Азиялық Олимпиада Кеңесінің кезекті Бас Ассамблеясы өтеді, оған 45 азия елдерінің спорт қозғалысы басшылары қатысады.