Маркалардың айналымға енгізу салтанатын бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігінде «Қазпошта» АҚ басқарушы директоры Андрей Вагнер мен VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің Атқарушы дирекциясының бірінші вице-президенті Айбек Қапақов өткізді.
Маркалардың номиналы әр түрлі. Мәселен, «Трамплиннен секіру» және «Мәнерлеп сырғанау» деген атпен басылған пошталық белгілер — 240 теңге, ал «VII қысқы Азия ойындарының эмблемасы» және «Фристайл» маркалары 190 теңге деп белгіленген. Олардың өлшемі — 28х40 мм, әрбірінің таралымы — 50 мың дана. Парақтағы саны 8 данадан, перфорациясы иректелген, төрт бояулы офсетті баспа, суретшісі — Данияр Мұхамеджанов. Пошта маркасымен қатар алғашқы күннің хатқалтасы және арнайы пошта мөртабаны жасалды.
«Қазпошта» акционерлік қоғамы осынау маңызды оқиғадан тыс қалмай, пошта маркалары мен филателистік белгілерді шығару арқылы, ел үшін елеулі болып табылатын шараға өзінің қолдауын көрсетіп келеді»,- деген А. Қапақов, «1994 жылдан бері ұлттық пошта операторы «Спорт» сериясы бойынша, Әлемдегі ең елеулі спорттық жарыстардың құрметіне, отандық спортшылардың жеңісіне арналған 43 пошта маркасын шығарған. Соның ішінде В. Смирновтың алтын медалі, Атланта, Лиллехамер, Солт-Лэйк сити, Турин, Ванкувер, Афины, Бейжің Олимпиадалары, ФИФА ұйымына 100 жыл, Қазақстанның Олимпиада чемпиондары, ОАР-дағы футболдан әлем чемпионаты сынды маркалар бар. Аталған маркалар филателистердің арасында үлкен қызығушылыққа ие болады деп сенемін»,-деп түйіндеді өз сөзін.