Адам өміріне арашашы абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімізді білдіреміз!
******************************************************
Әр адам өз өмір жолында ақ халатты абзал жандармен кездесіп, олардың ыстық ықыласы мен алақандарын сезінеді. Бұның бәрін медицина қызметкерлері ғана бере алады. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек қайта соғып, үмітімізді жалғап сыздаған балтырымызды тоқтатады. Осы ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
*******************************************************
“Денсаулық — адам үшін баға жетпес байлық. Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі”. “Медицина кәсібі- адамгершіліктің асылы” сондықтан барлық медицина қызметкерлеріне бақыт, еңбекте табыс, төзімділік пен күш қайрат және отбасыларына береке тілейміз.
******************************************************
Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне көмек қолын созып, жанын қоярға жер таптырмай азаптаған ауруынан айықтырып, ақ халатты періштедей көз алдында көлбеңдей жүріп, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен науқастың көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттырып,ертелі-кеш ерінбей, ел үшін еңбек етіп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жандар.
************************************************
Әлемде бірнеше ардақты да құрметті мамандықтар бар. Соның бірі – дәрігерлер. Оларды “ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашашысы” деп жатамыз. Қалай атасақ та артықтық етпейді. Дәрігерді ұлығылау, құрметтеу – әр пенденің азаматтық борышы. Ауырсақ, сырқаттансақ бірден осы адамдарға жүгіреміз. Алдына барған бізге мейірім төге қарап, емдеп, ақыл-кеңестерін береді. Күн демей, түн демей қажет кезде жанымыздан табылады. Осындай абзал жандарды мерекелерімен құттықтаймыз.
****************************************************
Ақ халатты абзал жандар болмаса, жер бетінде тіршілік болар ма? Бас ауырып, балтырымыз сыздаса дәрігерлердің көмегімен ғана жанымызға жай табатынымыз шындық.
***************************************************
Операция үстелі — өмір мен өлімнің арпалысқан мекені. Осы жерде дәрігерлер адам өміріне тіршілік нәрін беремін деп жанталасып жатады. Солардың шипалы қолдарының арқасында өмірден күдерін үзген науқас адамдар аман-есен жарық дүниеге қайта оралады. Осындай бақытты жандардың атынан барлық медицина қызметкерлеріне ризашылығымызды білдіріп, еңбектеріне сәттілік тілейміз.
****************************************************
Мансаптың да, қызметтiң де, атақтың да, байлықтың да дәрiгер үшiн құны көктиын. Дәрiгерге ең қажетi — адамның денсаулығы, оның тағдыры. Науқас адам жанына дәру iздеп, дәрiгерге барары хақ. Үмiтке үмiт жалғап, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастырып жататын да осы ақ халатты абзал жандар. Осындай бiлiм мен мейiрiмдiлiктi ұштастыра бiлген ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына бірлік, береке тілейміз.
****************************************************
Ақ халатты абзал жандар ретінде әр науқастың жанына желеу болып, ауруға қарсы тұрып, саулығын қалыптастырып қана қоймай, адам бойына өмірлік күш-қуат беріп,«Гиппократ антын» өзінің өмірлік кредосы ретінде қабылдап, қоғамның басты байлығы саналатын адам өмірінің сақшысы бола білген ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегі, атқарған істері, әрқашанда халықтың көңілінен шығады.
************************************************
Ойланып қарасаң, күллі байлықтың жиынтығы не ақша, не болмаса таудай үйілген алтын емес, деннің саулығы ғана. Сол себептен, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса ем іздеп, бәріміз алдына баратын дәрігерлер қауымының қоғамдағы орны ерекше. Олардың әр еңбегін бағалап отыру, оларға деген құрметімізді көрсетеді. Ақ халатты абзал жандардың еңбектерi қандай марапатқа болса да лайық. Ақ халатты абзал жандар да аянбай тер төгіп, әр адамның өмірі үшін қолдан келгенін аянар емес.
************************************************
Өз істеріне тиянақты, жылы сөз, ізгі лебіздерімен адам жанын жадыратады. Әрі жасаған ем-домдары да көңілге қонымды.Әрбір маман емделуші адамдардың жағдайын жасап, олардың тез жазылуына ықпал етеді. Осындай абзал мамандардан ем алып, сырқатымыздан айығамыз. Барлық жаны таза, абзал ақ халатты мамандар мен медбикелерді шын көңілден төл мерекелерімен құттықтаймын.
***************************************************
Ардақты ақ халатты абзал жандар!
Сіздерді кәсіптік мерекелеріңіз — медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.
Адам өміріне арашашы абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілей отырып, кәсіби біліктіліктеріңіздің арқасында биік асулардан көріне беріңіздер деген тілегімді білдіремін.
*********************************************
ДӘРІГЕРГЕ АЛҒЫС (Кенен Әзірбаев)
Үстерінде ақ халат,
Шағаладай ақ қанат.
Басы ауырған кәрі-жас,
Саған барады анталап.
Алтын үйден жан тәтті,
Жаннан кейін нан тәтті.
Абзал жанды қамқорым,
Қарт көңілін дәл тапты.
Денсаулықты сақтаған,
Халықтың дәмін ақтаған.
Шипагерім ұл-қызым,
Өлеңге қосып мақтаған.
Науқасты бағып күндіз-түн,
Таңға кірпік қақпаған.
Тоқсанға жасым толғанда,
Жүруге зар болғанда.
Емін тауып кеселдің,
Той күні мені тұрғыздың,
Қолтықтап алып жүргіздің.
Мереке қызық тойымда,
Көрмегенді көргіздің.
Отыз мыңдай халыққа
Алғыс, сәлем бергіздің,
Ақ батамды беремін,
Дәрігер менің ұл–қызым.
1974
***********************************
Болашақ дәрігерге (Мұқағали Мақатаев)
Тоқта-тоқта, ей, жігіт, аялдағын.
Қане, қалай жағдайың, баяндағын.
…Тәжірибе мектебін өтіп жүрсең,
Дәрігерлік кәсіпке таянғаның.
Таянғаның, қарағым, таянғаның,
Адам үшін барыңды аянбағын.
Адам тұрар алдыңда, ұмыт болар,
Өліктер мен сойылған қояндарың.
Енді алдыңда тұрады тірі жандар,
Бірі сүйіп, кім білсін, бірі қарғар…
Қимылдамай кірпігі жатса-дағы,
Байқағайсың, шықпаған тірі жан бар!
Кәсібіңнен кетпегей жеріп мүлде,
(Ақыл айтып кеттім-ау желіктім бе?)
Өлгендерді тірілтем деп ойлаған,
Денесінен жан ізде өліктің де.
Жолың болсын, бара ғой, айналайын,
Айналайын, қорғаушым, қарғадайым!
Кәсібіңе мен сенің басымды ием,
Басымды ием, несіне арланайын…
***************************************************
Дәрігер (Фариза Оңғарсынова)
Тісі ауырса баланың,
іші ауырса баланың,
балмұздақты көп жесең,
ауырады ғой тамағың –
соның бəрін қарадым,
дəрі берем, жазамын,
мен дəрігер баламын!
*****************************************************
Бір дәрігерге (Ақұштап Бақтыгереева)
Сәбиіме көмек керек, дәрігер,
Өзімнің де жүрегіме дәрі бер.
Сенің қолың дірілдеуді білмейді,
Ақын жанын сеземісің әбігер.
Сәбиіме көмек керек, дәрігер.
«Тигіздің бе, – деп сұрайсың, – салқынға?»
Өкпе тұсты, жүрек жақты сәл тыңдап,
Толтырасың сұрақ-жауап қағазды,
Осылай ма Гиппократ антында?!
«Тигіздің бе, – деп сұрайсың, – салқынға?»
Көрмейсің бе шырылдауын ананың,
Сәбиімнің жаутаңдаған жанарын,
Ұзақ жаздың қысқа өмірбаянды,
Дір етпейді, селт етпейді қабағың.
Көрмейсің бе шырылдауын ананың?..
Балалықты мен далада өткердім,
Дәрігерде мейірім мол деп келдім.
Қарлығаштың әбжыланның аузына
Баласы үшін құлағанын көп көрдім.
Балалықты мен далада өткердім.
*****************************************************
ДӘРІГЕР АЙТТЫ (Жұмекен Нәжімеденов)
Таза ауаға шығып тұрған жөн деді,
не болмаса желдету жөн бөлмені.
Көше ауасы – бұлдыр ауа, деп еді:
деміңді алсаң түтін исі келеді.
Медеу жақтан тасымасам дорбамен,
таза ауаны қайдан табам сонда мен.
Аула ауасы тіпті нашар – тар, ысты,
балалар да жақ-жақ болып жарысты,
кейде доп та қуады олар шаң түтіп.
Алатау тұр қоңыр самал аңқытып,
самал, әттең, өтед басқа көшемен –
арғы көшеге өтіп едім кеше мен,
көкірегім кеңігендей болды ептеп.
Біздің көше…
арақ тасып шөлмектеп,
екі-үш жігіт шылым шегіп тұр анда,–
әйтеуір бір жығыларын тыраңдап
білмейді ғой бүгінше сау қасқалар:
газ-түтін бар, шылымы бар, басқа бар,
денсаулықты құртам десең – көп амал.
Жүрегіңді кислородқа орап ал,
жарығың, дос, біткен шақта бәрібір,
бәрібір ғой таусылса егер жарығың –
тап осылай ойлаушы едім мен кеше,
ол ойымнан қайттым бүгін,
ендеше
себеп керек өлу үшін еңіреп,
өлмеу үшін көмек керек көбірек:
сустак ішіп, сылқытып су жұтамын,
сонсоң тілге тиек-дәлел тұтамын
академик Амосовтың кітабын.
Таза ауаға шығып тұрған жөн деді,
тым болмаса желдету жөн бөлмені –
доктор айтты –
шықтың демін, шөптің исін ұрттап
ертеңді-кеш жүріп бақ!
Жүрем рас.
Сәл үйрендім күтімге,
жүйке-жанның көп жыртығын бүтіндеп
жүргендеймін.
Мынау үлкен астана,
астанада жапырақ өсті тасқа да.
Тасты кезіп ауа жұтам,
сол ауа
таза ауа ма,
газ бен у ма, басқа ма –
бәрібір-ау
химияны аз ұғатын кісіге,
түбі әйтеуір жазылатын кісіге…