Ақбақай кен байыту комбинатының жұмысшылары басшылық нұсқауларын орындамау салдарынан мерт болды - комиссия - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақбақай кен байыту комбинатының жұмысшылары басшылық нұсқауларын орындамау салдарынан мерт болды - комиссия

Ақбақай кен байыту комбинатының жұмысшылары басшылық нұсқауларын орындамау салдарынан мерт болды - комиссия

Жамбыл облысындағы Ақбақай кен байыту комбинатының жұмысшылары басшылық нұсқауларын орындамай, игерілген блокта өз беттерімен қазба жұмыстарын жүргізу барысында үйіндінің астында қалу салдарынан жарақаттанып қайтыс болған. Жұмысшылардың қайтыс болу себебін тексерген арнайы комиссия осындай қорытындыға келді.

  • 10 Қараша 2003
  • 694
Фото - Caravan.kz

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 27 және 31 жастағы екі жұмысшының мәйіті кен байыту комбинатының шахтасынан 31-қазанда табылған болатын. Осынау оқыс оқиғаның себептерін айқындау үшін арнайы топ құрылып, оған тау-кендік техникалық бақылау және төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардабын жою жөніндегі облыстық инспекцияның өкілдері қамтылды.

Облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардабын жою жөніндегі инспекцияның бастығы Әмірхан Дауылбаевтың айтуынша, екі жұмысшы да тыйым салынған аймаққа жұмыс ауысымынан кейін өз беттерімен кіріп кеткен. Дауылбаевтың болжамына жүгінсек, жұмысшылар тастанды блокқа пайда көздеп кірген болуы мүмкін. Өйткені, қазіргі игеріліп жатқан блоктарда тау жынысының әрбір тоннасына 5-7 грамм алтыннан келсе, тастанды блоктағы алтын мөлшері бір тоннасына 37-80 граммды құраған. Алайда бұл болжам нақты дәлелденбей отыр.
А. Дауылбаев сондай-ақ, жұмысшылар өз білермендігімен блокқа кіріп жұмыстар жүргізгендіктен, қайғылы оқиғаны өндірістік қайғылы оқиға ретінде рәсімдеу мүмкін емес деп мәлімдеді. Сондай-ақ, жұмысшылар игерілген блоктарға екінші қайта кірмеу жөніндегі нұсқауға бағынбаған.
Сондай-ақ, комиссия кен байыту комбинатының әкімшілігіне адамдардың тыйым салынған аймаққа ену мүмкіндігін тиісті деңгейде шектемегені үшін нұсқау берді. 15-қарашаға дейін кен байыту комбинатының басшылығына барлық қауіпті аймақтарды сенімді түрде жауып, қоршауға алу жөнінде тапсырма жүктелді.
Ал қайтыс болған жұмысшылардың отбасына өтемақы төлеу мәселесіне қатысты А.Дауылбаевтың айтуынша, аталмыш жағдайларға байланысты бір мәрте жәрдемақы төлеу мәселесі әзірге даулы болып тұр.

Соңғы жаңалықтар