Осы тұрғыда мәдениет саласында қызмет атқарып жүрген Мәдениетті және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Жұманбаева Ақерке Ақтайқызы Caravan.kz медиа порталының тілшісіне мәдениетті насихаттау арқылы қоғамды тәрбилеу жайлы айтып берді.
— Мәдениеттілікті арттыруда қандай жұмыстар жасап атқарылуда…
— Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты 14 мәдени мекеме жұмыс жасайды. Оның ішінде 6 театр, цирк, концерттік және мәдени демалыс ұйымдары бар. Осы ұйымдардың барлығы елорда тұрғындары мен қонақтарына мәдениетті Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы алты айында театр саласында 8 премьера, 600-ге жуық іс-шара өткізіліп, 113 мыңнан астам көрермен қамтылды. Әр қойылымының көрерменге берері көп. Театр өнері хас сұлудың көз жасындай мөлдір демекші қоғам үшін театр рөлі ерекше. Ұйымдастырылып жатқан бұл жұмыстардың барлығы қоғамдағы мәдениетті дамытуға бағытталып жатыр.
Өзіңіз білетіндей, мәдениетті қоғам – мемлекеттің қозғаушы күші болып табылады. Мәселен, бір мәдениетті адамның өзі қоғамның дамуына үлкен үлесін қосуы мүмкін, күнделікті тұрмыс тіршіліктегі мәдениетті сақтаудың өзі қоғамның тыныштығына алып келеді.
Менің ойымша, мәдениеттің қоғамдағы міндетінің сан алуан қыры бар. Атап өтсек, жанұя мәдениеті, қоғамдық орындарда өзін өзі ұстау мәдениеті, ұжымдық мәдениет, қарым-қатынас мәдениеті және т.б. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты, үндес, оларды орнымен ұстанып, қалыптастыру біздің басты мақсатымыз. Ал, мәдениет пен өнерді дұрыс дәріптеу қоғамды тікелей тәрбиелеуге алып келеді. Осы тұста біз әрбір қоғам мүшесіне тең қарауымыз қажет.
Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мүмкіндігі шектеулі талантты адамдарды қолдауға көп көңіл бөледі. Соның дәлелі ретінде 2021 жылдың 15 қазанында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Мәдениет басқармасына қарасты «Жастар театры» жанынан «Qanattylar» инклюзивті бөлімі ашылды, оның ерекшелігі мүмкіндігі шектеулі талантты жандарды бір орынға шоғырландырып, өз өнерлерін дамыту. Аталған бөлім ТМД елдері арасында алғашқы ресми инклюзивті бөлім болып табылады. Қазіргі таңда «Qanattylar» инклюзивті бөлімінің қоржынында мүмкіндігі шектеулі өнерпаздармен қойылған бірнеше қойылым бар, әр қойылым англашпен өтеді. Әрбір қойылымды тамашалаған көрермен өмірлік көзқарасын өзгертіп, ізгілік пен мейірімге толы жүрегін күнделікті тұрмыс тіршілікке бағыттайды.
— Алдағы жоспарларыңыз жайлы тоқталсаңыз…
— Алдағы уақытта мәдениет пен өнерді дамытуға, жас таланттарды қолдауға арналған түрлі жобалар қарастырылған. Мәселен, үстіміздегі жылдың қазан айында театр саласын дамыту, халықаралық дәрежеде тәжірибе алмасу мақсатында «ТеатрАll» фестивалін өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, жастардың талғамына сай «YourFest» жастар фестивалі де бар. Осындай қоғамдық тәрбиелік маңызы зор жобаларға үлесімді қосып, атсалысып жүргеніме қуанамын. Әрбір аталған жоба еліміздің мәдениетін ілгерілетуге бағытталған.
Осы тұста, «Qanattylar» театрының директоры Ысқақов Арнұр Қайнарбекұлы өзінің қалай арбаға таңылғаны мен театрдың алдағы жоспарлары жайлы тарқатып айтып берді.
— Мен Ысқақаов Арнұр Қайнарбекұлы. Негізгі мамандығым – дәрігер. 6-шы курс оқып жүрген кезімде, нақтырақ айтатын болсам, 2008 жылы суға батып бара жатқан қызды құтқарамын деп, мойын омыртқам сынды. Сол жылдан бері арбада отырмын. Содан бері арбада отырған әрбір жанның жан сырын түсініп, осы сала бойынша жұмыс жасай бастадым. Арбада отырып жұмыс жасау физикалық тұрғыдан қиын болды. «Жас Отан» жастар қанатында алғашық жобаларымды жасадым. Кейін «Нұр Отан» партиясында жұмысымды жалғастырдым.
Сонымен қатар, «Кедергісіз келешек» жобасының авторымын. Жұмыс жсай жүріп, социолог мамандығын бітірдім, психолог мамандығының бакалаврын бітірдім. Хабар арнасында «Инвазора» атты өзімнің авторлық бағдарламам болды. Кейіннен қоғамдық бірлестік аштым. Сол қоғамдық бірлестік арқылы өзім жайында кино түсірдім. Және де осындай ерекше азаматтарға инклюзивті ұғымды қалыптастыру үшін 2018 жылы халықаралық деңгейде министрлікпен бірігіп, ерекше театрдың фестивалін жасадым. Сол жылы «Қанаттылар» деген театырдың іргетасы қаланған болатын. Уақыт өте 2020 жылы қарантинге қарамастан, біздің басқармамыз жастар театрының қарамағында бөлім болып ашып, штат бөліп, ерекше азаматтарға деген сенім білдірген қала басшылығына, басқарма басшыларына рахметімізді айтып, осы театрдың ашылуына себепкер болды.
Қазіргі таңда осы театрмен айналысып жатырмын.
Алдағы үлкен жоспар — мәдениет басқармасының басшылығы инклюзивті театрды жеке, дара театр етіп, бөлек шығаруды жоспарлап отыр. Егер осы жоспар іске асса, біз үшін ең үлкен мәртебе, қуаныш болар еді.
Бұл театр тек қана Қазақстанда ғана емес, мемлекеттің қолдауымен алғаш құрылып жатқан Орталық Азиядағы теңдесі жоқ театр. Өйткені, театрдың ерекшелігі мүгедек жандар ғана емес, дені сау адамдар да бар, әр категориядағы адамдар да бар. Оның ішінде ДЦП ауруындаға, көзі көрмейтін, құлағы естімейтіні бар, яғни, барлық категориядаы адамдар болғандықтан, инклюзивті ерекше театр болып саналды. БҰҰ-ның берген бағасы бойынша Орталық Азиядағы алғашқы театр болып атағын алғанбыз. Сондықтан, театрымызды тамыз айында мемлекеттік деңгейде бөлек шығарғалы жатыр.
Алдағы жоспарымыз, осындай театрлар өңірлерден ашылса, өңірлердегі ерекше азаматтар өнер арқылы творчествалық реабилитация жасалып, үлкен сахналарда өнерін көрсетіп, нәпақаларын тауып отырса деген ниетіміз бар.