Вячеслав орта мектебін бірегей мекеме деп атауға болады. Мұнда оқушылардың бойында бірінші сыныптан бастап туған жеріне, табиғатқа деген сүйіспеншілік тәрбиеленеді. Мектептегі уақыт ағымындағы бетбұрысты қадамдардың бірі – көкөніс алабын тамшылатып суарудың жаңа технологиясы. Жаңаша ойлауға оқушылардың қызыға қатысатындығы қуантады. Айталық, 11 сынып оқушысы Александр Барткевичтің «Тамшылатып суару» жобасы «ЭКСПО-2017» көрмесінің мақсат-мүддесімен де үндес деген баға беріліп отыр.
«Балалар нақты мысалдар арқылы энергияны тиімді пайдалануға үйреніп, осындай технологияларды қолданудың пайдасын көріп өседі. Білім ордасында үш тілде білім беру бағдарламасымен қатар «жасыл технология» жобасы белсенді түрде енгізіліп жатыр», – дейді мектеп директоры Татьяна Немцан.
Жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар үш тілде жүреді. Мысалы, «климаттық сандықша» сабағы жасыл технологиялар жобасына кіреді. Сабақ барысында тәжірибе мен ағылшын тілін үйренуге көп көңіл бөлінеді. Оқушылар үш тілді меңгеру еш қиындық туғызбайтынын айтады.
«Бізде ауа тазартатын ионизаторлары бар балалар демалыс орны бар. Сабақтың басым бөлігі сол жерде өтеді. Болашақта алюминий консервісінен күннен қуат алатын ауа жылытқыш проектор жасағымыз келеді. Ол үшін газдалған су бөтелкелерін жинаймыз, мотор арқылы оған жылы ауа жібереміз. Аллюминий жылуды жақсы өткізетін металл болғандықтан, жылу қосылмаған бөлмелерге, мысалы гараждар мен жылыжайларды жылытуға келеді. Осындай жобаларды өмірімізге енгізу барысында біз ойымызды үш тілде еркін жеткізуге тырысамыз», – дейді Вячеслав орта мектебінің 11 сынып оқушысы Александр Барткевич.
Мектептің жанында өз жер телімі және жылыжайы бар. Оның күнделікті қызметінде озық технологиялар қолданады. Мұнда суды жылыту үшін күн батареяларын, жарық диодты жарықтандыруға, ал жылыту мақсатында пиролиздік пешті қолданады. Қазір балалар тамшылатып суару әдісін және су себуге арналған жаңбырлатқыш саптамаларды қолданысқа енгізіп отыр.
«Бұл жоба еліміздің көптеген өңірлерінде қолданылады. Осы жобаның арқасында мен еліміздің барлық аймақтарында болдым және ағылшын тілін жетік меңгергенімнің арқасында өз жобамды таныстыруда еш қиындық болған жоқ. Жасыл технологиялар туралы жоба – біздің қосымша табысымыз. Өткізетін семинарлардың бір сағаты 1500-3000 теңгеге дейін жетеді. Болашақта өз болашағымды ауыл шаруашылығымен байланыстырғым келеді. Кейін туған ауылыма оралып, жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша жұмысымды жалғастырғым келеді», – дейді А.Барткевич.