Жарияланды: 500

Ақмола облысы ауыл шаруашылығын, өнеркәсіп пен туризмді дамыту үшін үлкен әлеуетке ие - вице-премьер Қ.Көшербаев

Ақмола облысы ауыл шаруашылығын, өнеркәсіп пен туризмді дамыту үшін үлкен әлеуетке ие - вице-премьер Қ.Көшербаев

9 қараша күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев бастаған Үкіметтік топ жұмыс сапарымен Ақмола облысында болды.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінен мәлім етті. Вице-премьер Қ.Көшербаев бірінші кезекте Қоянды ауылына ат басын тіреп, ондағы 2011-2014 жылдарға арналған Астана маңында орналасқан елді мекендерді Әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспарының жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ ауылдың жаңа мектебі мен балабақшасының құрылыс алаңында болды, ауыл тұрғындарымен кездесті. Моноқалалардың тізіміне енген Степногорск қаласында Үкіметтік делегация қала тұрғындары мен оның өндірістік-өнеркәсіптік кешенін энергия ресурстарымен қамтамасыз етіп отырған жалғыз кәсіпорын - қалалық ЖЭС-тің жұмысымен танысты. Щучинскіде жұмыс тобы ішкі кварталдық жүйелерді қайта қалпына келтіру бойынша жобаның іске асырылуы барысымен танысты. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 2010-2013 жылдар аралығына 351 млн. теңге бөлінуде. «Бурабай» арнайы экономикалық аймағының аумағында вице-премьер Қ.Көшербаев салынып жатқан «Borovoe Tourism City» туристік, ойын-сауық кешенінде болды. 450 млрд. теңге тұратын ірі инвестициялық жобаны 2021 жылға дейін жеті кезеңмен аяқтау жоспарлануда. Бұдан кейін Үкіметтік топ Көкшетау қаласы әуежайын қайта жөндеу жұмысымен танысты. Жоба аэровокзал ғимаратын қайта жөндеуден өткізуді, ұшу-қону жолағын 300 метрге ұзартуды және 15 метрге кеңейтуді, жарық-сигналды жүйені ауыстыруды, қазандықты, жылу және сумен жабдықтау трассаларын, энергиямен қамтамасыз ету жүйелерін күрделі жөндеуден өткізуді және өзге де іс-шараларды қарастырады. Сондай-ақ делегация қыш кірпіштерін шығаратын кәсіпорын «ENKI» ЖШС-да және Жылу электр стансысын салу жобасымен танысу үшін №2-ші аудандық қазандықта болды. Облыс әкімдігінде ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыстың агроқұрылымдары өкілдерінің қатысуымен «АӨК-2020» және «Жайлау» бағдарламалары жобаларының таныстырылымы өтті. Жұмыс сапарының қорытындысы облыс активімен өткен кеңесте жасалды, онда түйіткілді мәселелерді шешу жолдары талқыланды. «Қазіргі уақытта Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет бірқатар әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды қабылдап, жүзеге асыруда, атап айтқанда олардың арасында Астана қаласы маңында орналасқан елді мекендерді дамыту жоспары, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы мен Степногорск моноқаласын дамытудың алғашқы кезектегі іс-шаралары бар», - деп атап өтті Қ.Көшербаев. «Ақмола облысы ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, сондай-ақ мемлекет пен облыс экономикасының табысты әрі тартымты секторы бола алатын - туризм саласын дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Жалпы алғанда, өңірде ұзақмерзімді және стратегиялық міндеттер тиімді жүзеге асырылуда», - деп түйіндеді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін