Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы KAZINFORM.KZ-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін Ақмола облысы Ақкөл ауданының әкімі Біржан Абдрахманов, Қазақстан Биатлоншылар Одағының бас хатшысы Манас Үсенов, аудан әкімінің орынбасары Саят Ахмеджанов, жергілікті спорт басқармасының басшысы Сергей Усанов, биатлоннан спорт шебері, 4 дүркін Азия ойындарының чемпионы Александр Червяков және биатлоннан Азия чемпионы Анна Лебедеваның қатысуымен өңірде биатлон бөлімін ашу және балалар спортын дамыту мәселелері талқыланды.
Қазақстан Биатлоншылар одағы мәлім еткендей, жиын барысында Манас Үсенов Ақкөл ауданында биатлон спортын дамыту үшін өте қолайлы табиғат, білікті жаттықтырушылар барын әрі федерация тарапынан спорттық инвентарь бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Қазіргі таңда Ақкөл ауданында Александр Червяков және Анна Лебедеваның бастамасымен 50-ден астам бала биатлон спортымен айналысып жатыр.
Айта кетейік, қос чемпион екінші үйлерінде шағын биатлон базасын ашып, өз күшімен өңірде шаңғы спортын дамытуға ден қойған.
Алдағы уақытта жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, биатлон базасы ашылса, федерация республикалық балалар арасындағы Grand Tour Biathlon жарысының бір кезеңін Ақкөл өңірінде өткізуге дайын.