Ақмола облысында спирттік ішімдікті татып алмайтын үш елді-мекен бар - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақмола облысында спирттік ішімдікті татып алмайтын үш елді-мекен бар

Ақмола облысында спирттік ішімдікті татып алмайтын үш елді-мекен бар

Ақмола облысында тұрғындары спирттік ішімдікті татып алмайтын үш елді-мекен бар. Жергілікті халық ащы судың не екенін әлдеқашан ұмытқан. Өйткені ішімдік соңғы жеті жылдан бері дүкендерде мүлдем сатылмайды. Шектеу қойылған.

  • 3 Қараша 2012
  • 376
Фото - Caravan.kz

Алдымен дүкенге бас сұқтық. Бір грамм спирт жоқ. Шағын бизнесі бар кәсіпкер ішімдіксіз де саудасының өрге домалап тұрғанын қуанышпен жеткізді.

Галина Патапкина, кәсіпкер:

Бұл жердегілердің барлығы арақтың сатылмайтынын жақсы біледі. Сондықтан тіптен сұрамайды да. Ал ауылға қыдырып келген қонақтардың  арасында сұрайтындары болады. Оларға мән- жайды айтқан соң түсіністікпен қарайды.

Жергілікті дәрігерлердің де жұмысы жеңілдеген. Бұрынғыдай маскүнемдермен алысып жүрмейді. Бір қызығы спирт  осы жерде ғана бар. Ол тек медицинада қолданылады.

Раиса Мұртазалиева, Бірлік селолық округі ауруханасының дәрігері:

Медициналық мекемелерде спирт болады ғой. Жасырын келіп сұрайтындар бар шығар? Жоқ, ол не дегеніңіз.  Бізде ондай жоқ.

Ауылда арақ ішуге тыйым салынғанда бұл балалар әлі кішкентай еді. Қазір есейген. 11 сыныпта оқиды. Ұл-қызы да ішімдік туралы сұрай қалсаң  тіксіне қарайды. Өйткені санасына құйылған тәрбие сондай.

Амхат Дашаев, 11 сынып оқушысы:

— Арақтың не екенін де білмеймін. Қызығып дәмін көрсек деген ой да болмады. Бұл біз үшін жабық тақырыптардың бірі. 

Ішімдіктің тыйым салынуына осыдан жеті жыл бұрын болған оқыс жағдай түрткі болыпты. Ащы судан ұрттап алған бір топ жастар өзара шекісіп соңы жаппай төбелеске ұласқан. Содан ауыл ақсақалдары кеңес өткізіп, дүкендерде арақ-шараптың сатылмауын талап етіпті. Кәсіпкерлер бірден келісімін берген. Содан бері  ойын тойлар да түгел арақсыз өтіп келеді. Алғашында іштей наразылық танытып ұрланып ішіп жүргендер көп кездескен. Жынды суға құмарларды үлкендер ел алдында ұятқа қалдыра бастаған соң көбі ішкіліктен өз еркімен бас тартқан.


Усман Мадарбиев, ауыл тұрғыны:

Мен егер ішетін болсам осындай дәрежеге жетпес едім. Шүкір тұрмысым түзу. Әкем де, атам да  жалпы тұқымымызда ешкім ащы судан татып алған жоқ. Бізде солардың жолын қудық. Одан пайда көрмесем зиян шекпедім.

Ақмола облысындағы Красная поляна, Жаңажол, Петрековка ауылдарында негізінен шешен-ингуштар мекен етеді. Мыңнан аса шаңырақ  түтін түтетіп отыр. Олар мал бағып егін шаруашылығымен айналысып ел қатарлы тіршілік етуде. Ал халықтың басым бөлігі шариғат жолында. Ішімдік ішпейтін ауылдарда ұрлық-қарлық та азайған. Мұндағылар ит те ұстамайды. Сондықтан жергілікті учаскелік инспектордың жұмысы аса қауырт емес.

Жеті жылдан бері арақты ішпек түгілі оның не екенін білмейтін жұрттың ісі өзгелерге үлгі боларлықтай. Ал ауыл ақсақалдары дәрігерлер емдей алмай жүрген жер жердегі маскүнемдерді осында жіберсе болады деп өзара қалжыңдайды. Олар арақтан аузы құрғамайтын азаматтарды ешқандай мәжбүрлеусіз-ақ  түзу жолға салуға әзірміз дейді.

Соңғы жаңалықтар