Ақмола облысының денсаулық сақтау саласында үлкен жанжал
|
Ақмола облысының денсаулық сақтау саласында үлкен жанжал! Шатақты шығарып отырған-облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы мен Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігері. Білдей екі басшы бір-бірінің үстінен «домалақ арыз» жазып, сотқа сүйреп әлек. Ал кесірі аурухана қызметкерлеріне тиіп жатқан көрінеді. Мұндағы дәрігерлер ем-домды ысырып қойып, жарты жылдан бері қағаз толтырумен жүр.
Жанжал қалалық ауруханадағы бірнеше бөлімшені облыстыққа ауыстыру мәселесі көтерілгеннен басталған. Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қасымжан Ташметовтың бұл ойын қолдамаған қалалық аурухана бас дәрігері Денсаулық сақтау министріне, облыс әкіміне шағым хат жолдапты. Онымен қоймай, жергілікті басылымдарға «Тәшметов облыс медицинасын құртты, құлдыратты» деп мақала жазған.
Серік Кәкенов, Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігері:
- Басты себеп-мен өз пікірімді айттым. Күніне бірнеше рет келеді аудандық денсаулық сақтау бөлімінің кісілері, тексере береді бізді. Негізсіз мені тексереді, ауруханамызды тексереді. Біз аурулармен жұмыс істеуіміз керек.
«Газет беттерінен денсаулық сақтау саласын қаралап, беделіме нұқсан келтірді. Өңірдегі дәрігер атаулының еңбегін жоққа шығарды» деген Ташметов мырза бас дәрігерді бірден сотқа берген. Тіпті басқармаға 1 жарым, өз басына 1 жарым млн теңге моралдық өтемақы талап етіп отыр.
Қасымжан Тәшметов, Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
- Ол кісі ешқашанда жиналыстарда, коллегиямызда бұл әңгімені көтерген емес. Осыны үстіртін қарап, коллективіне басқаша түсіндіріп хаттарды ұйымдастырып, ол аздай мына бізде медицина саласында 14 мыңға жуық адам қызмет істейді. Солардың жұмысын жоққа шығарып, ол аздай менің ар намысыма тиіп менің суреттерімді пайдаланып мақалалар ұйымдастырған.
Екі бастықтың дүрдараздығынан аурухана қызметкерлері де шаршаған.
Сакен Тұрсынбаев, Көкшетау қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Бізге уақыт жетпейді ауруларды қарауға. Неше түрлі қағаздар бар, анықтамалар бар. Елбасы айтты ғой дәрігерлер емдеу керек, мұғалімдер оқыту керек деп. Ол бізде жоқ. Өйткені күллі жұмыс бізде, күшіміз қағаз жазумен кетеді. Осыны қойғызу керек.
Осы уақытқа дейіноблыс әкімі де бұл даудан өзін аулақ ұстаған. Білдей екі бастықтың қайсысы кінәлі енді сот анықтайтын болады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін