Арқа-жарқа болып, үйемелді-сүйемелді балалар қоршап отырған ерекше жанды бұл өңірде барлығы қатты құрметтейді. Жасынан жетімдік көріп, ана сүтіне жарымаған Серік Әкімбаев жетімнің жайын жанымен түсінеді. 2004 жылы Макинскідегі балалар үйі жабылып қалғанда жетімдерге көмек қолын ұсынған да осы азамат болатын. Қазір оның қолында 16 бала тәрбиеленіп отыр. Өз алдына үй болып, өмірден жолын тауып кеткендерді қосқанда бұл отбасы 40 жетімді жебеп, жол сілтеген екен.
Серік Әкімбаев:
— Жердегі бір жетімнің маңдайынан сипасаң, жеті періште төбеде разы болып тұрады деп. Өте дұрыс айтылған сөз. Үйде, отбасында ата ананың сезімі болады, тәрбиесін көреді, тәлім тәрбие алады. Жалпы қарым қатынас қоғаммен болады.
— Жақсы көресіз бе балаларды?
— Ой, шіркін-ай десейші, менің мақтаныштарым ғой міне!
9 ұлттың баласы бір анадан туғандай осы отбасында тәлім-тәрбие алып жатыр. Олардың барлығының қазақша есімдері бар. Тіпті фамилиямыз Әкімбаев деп жауап береді.
— Анам мен әкемді қатты жақсы көремін. Өйткені олар бізге көмектеседі. Өскенде біз де көмектесеміз. Анам өте жақсы кісі, мен оны жақсы көрем әкеммен.
— Фамилияң кім?
— Әкімбаев Абылайхан.
Серік Әкімбаевты балалары ер жетіп, өз алдына шаңырақ көтерген соң кездесетін қиындықтары күйзелтеді.
Серік Әкімбаев:
— Менің 40 бала асырағанымның 10 баласы болып, үй болып, күй болып студент болды. Бір балама бір пәтер берілген жоқ. Балалар үйінен шыққаннан кейін балалардың шаңырақтары болуы керек.
Әкімбаевтардың өздерінің 5 бала, 10 немересі бар. Жаны дархан азамат «Макинсктағы зағиптар қоғамына» да төрағалық етеді.