Ақпан айында болған студент өлімі қайта тергеледі - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақпан айында болған студент өлімі қайта тергеледі

Ақпан айында болған студент өлімі қайта тергеледі

Қазақ жол қатынастар университетіне тиесілі жатақханалардың бірінде болған студент өліміне қатысты іс қайта қаралмақ. 20 жастағы Индира Мадимарова есімді қыздың мәйіті 6 ай бұрын өз бөлмесінен табылған еді. Сол кезде тергеу жүргізген полицейлер бойжеткен өз-өзіне қол салып, дәлірек айтқанда, асылып өлді деп, қылмыстық істі тоқтатқан. Алайда марқұмның ата-анасы онымен келіспейді. Бойжеткен қызынан айырылып, қара жамылған ана енді прокуратураға шағым түсіріп, мәйіттің қайта эксгумациялануын сұрап отыр.

  • 30 Шiлде 2011
  • 651
Фото - Caravan.kz

Бұл — болашақ теміржол маманы болуды армандаған Индира Мадимарованың соңғы түскен суреті. Алғашқы махаббаты, жаңа достары, қызықты өтіп жатқан оқу сәттері. Алайда оның барлығы ұзаққа созылмады. Биыл ақпанда бойжеткен бақилық болды. Қыздың өлі денесін жатақханадағы құрбылары тапқан.

Гүлзат Қалаубайқызы, Индираның анасы:

— Қызыммен бірге оқитын, есімін айтпай-ақ қояйын, бір қыз: “Әпке, сіздің қызыңыз өзі асылып өлген жоқ. Сізге ашығын айта алмаймын. Бірақ  қызыңызды шкафтың ішіне отырғызып кеткен. Содан кейін біз үлкендерді шақырдық”, — деді.

Сондықтан ана Гүлзат қызының қасақана адам қолынан өлтірілгеніне шүбә келтірмейді.  

Гүлзат Қалаубайқызы, Индираның анасы:

— Менің қызым асылып өлген жоқ. Қинап өлтірілген. Сол күні жатақханада би кеші болған екен. Содан екі жігіт төблесіп, қасындағысының біреуі пышақ салғанын білемін, әйтеуір. Қызым бәлкім соны көріп қойды ма. Содан қызым “айтып қояды” деп әдейі өлтірді ме.

Және оқиғаның нақты қалай болғанын Гүлзат “білім ордасының басшылары жасырып отыр” деген пікірде. Өйткені мәйітті бірінші көріп, үлкендерді көмекке шақырған Индираның жақын құрбылары қорқып ештеңе айтпай жүр екен. Тек бір құрбысы ғана мәйітті айғақтау барасында көргенін жеткізді.   


Индираның құрбысы:

— Мен мәйітханаға кірген уақытымда қызды өз көзіммен кеңірдегінің үзіліп кеткенін көрдім. Бірақ ешқандай жіптің ізі болмады. Ал ол кісілер маған “асылып өлді” деді.

Тергеу жүргізген Алматы қалалық Ішкі Істер департаментінің қызметкерлері болатын. Олар қызды мойын орағышпен асылып өлген деген қорытындыға келіпті. Басқа қылмыс белгілерін таппадық деп отыр.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалылық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

— Өлімнің нақты себебі механикалық асфикция болып табылады. Бұны ресми түрде дәлелдеген сот-медициналық сараптамасының нәтижесінде істі тоқтаттық. Жүргізген жұмыстың нәтижесіне сүйенсек, бұл дене жарақаттары тұншықтыру, өзге біреу арқылы жасалған құбылыс емес.

Дегенмен, Индираның анасы мәйіттің қайтадан эксгумациялануын, яғни қайта тексерілуін талап етіп, қалалық прокуратураға шағым түсірді. Күдіктенетін адамы да бар екен. Енді тергеу жалғаспақ.

Соңғы жаңалықтар