Жарияланды: 540

Ақпан айында Стокгольм қаласында бұған дейін Павлодар мұнай өңдеу зауытын басқарған CCL Oil Ltd компаниясының Қазақстан үкіметіне қарсы шағымына қатысты іс қаралады

2003-жылдың 2-ақпанында Швецияның Стокгольм қаласында бұған дейін Павлодар мұнай өңдеу зауытын басқарған CCL Oil Ltd компаниясының Қазақстан үкіметіне қарсы шағымына қатысты іс қаралады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР үкіметіне жақын сенімді ақпарат көзінен хабарлады.

1997-жылы ҚР үкіметі Павлодар мұнай өңдеу зауыты акцияларының 87 процентін CCL Oil Ltd компаниясының басқаруына берген. ҚР мемлекеттік мүлік комитеті мен CCL Oil Ltd арасындағы келісім бойынша, компания Павлодар мұнай өңдеу зауытының айналым қаржысын 50 млн. долларға дейін жеткізіп, мемлекетке 1,5 млн. доллар көлемінде бонус төлеуге, кәсіпорынның 4,12 млрд. теңге көлеміндегі берешегін өтеуге тиіс болатын. 2000-жылы Астана қалалық сотының шешімімен инвестор кәсіпорынды басқару құқығынан айрылды. Аталмыш шиеленіс салдарынан Павлодар мұнай өңдеу зауытын басқарған тұста компания тарапынан инвестицияланған қаржыны Қазақстан кері қайтаруы тиіс деген талап қойып, CCL Oil Қазақстан үкіметінің үстінен Стокгольм сауда-өнеркәсіп палатасының Арбитраждық сотына шағым түсірді. ҚР үкіметінің шешімімен CCL Oil Ltd компаниясы түрткі болған халықаралық арбитраждық процессте мемлекетіміздің мүддесін қорғайтын әріптес ретінде McGuire Woods Kazakhstan атты заңгерлік компания таңдалды. Қызметке тапсырыс беруші - ҚР әділет министрлігі. McGuire Woods Kazakhstan компаниясының заңгерлік қызметінің төлеміне ҚР әділет министрлігі 29 млн. теңге бөлді. CCL Oil Ltd компаниясының президенті Александр Криничанский бұған дейін де еліміз баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында Қазақстан үкіметінің үстінен Стокгольм сауда-өнеркәсіп палатасының Арбитраждық сотына шағым түсіретінін хабарлаған болатын. Шағым құнын ол 72 млн. долларға бағалаған. Оның айтуынша, CCL Oil Ltd компаниясының Павлодар мұнай өңдеу зауытына осындай көлемде инвестиция жұмсағанын аудиторлар дәлелдеп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін