Құжат туралы түсініктеме берген министрдің айтуынша, «бұл — заң жобасының мүлдем өзгеше тұжырымдамасы. Ол елдің қазіргі даму кезеңіне, жалпы уақыт талабына сәйкес. Заң жобасы демократиялық принциптерге негізделген».
Мәселен, А.Сәрсенбаевтың айтуынша, жоба бойынша Бұқаралық ақпарат құралдарын ақпарат министрлігінде есептік тіркеуге алуды алып тастау қарастырылған. «Заңды тұлға ретінде әділет мекемелерінде бір мәрте ғана тіркелсе жеткілікті. Есептік тіркеу республиканың ақпараттық рыногы қалыптаса бастаған бастапқы кезеңде ғана қажет болған. Ал қазір мұндай қажеттіліктің күні өтті»,- деді ол.
Сондай-ақ, «республикамыз шағын болғандықтан, монополиялық реттеу күшті болуы тиіс»,- деді А.Сәрсенбаев. «Біз теле- және радиохабарларын тарату саласында мынадай тәртіп ұсынып отырмыз: бір заңды немесе жеке тұлға республика аумағына жаппай хабар тарататын бір компанияның ғана акцияларының бақылау қоржынын иемденуге құқылы болуы тиіс»,- деді ол. Бұл ретте бір компания акцияларының бақылау қоржынын иемденуші тұлға басқа телекомпания акцияларының 25 проценттен артық бөлігін иемдене алмайды.
Сондай-ақ, заң жобасы бойынша мемлекеттің ақпарат рыногына ықпалын азайту ұсынылып отыр. «Мемлекет пен атқарушы билік органдары жеке веб-сайттары, арнаулы басылымдары мен бір телекомпаниядан өзге БАҚ-тар акцияларының бақылау қоржынына иелік жасауға құқысыз болуы тиіс»,- деді министр.
Жаңа заң жобасындағы бірқатар шаралар журналистерді қорғауға бағытталған. Атап айтсақ, журналистің қызмет бабындағы міндеттерін орындауға тосқауыл қойғаны үшін ақшалай айыппұл түрінде жаза қолдану ұсынылды. Бұл тұрғыда қылмыстық жаза да ескерілген. БАҚ-тар мен журналисті жалған жала үшін қылмыстық қудалауды алып тастау ұсынылып отыр. «Қызмет бабындағы міндетін атқарған журналист, қандайбір қателікке жол бергеннің өзінде қылмыскерге айналуға тис емес». «Жоғарғы басшылықтан бастап бүкіл пенде қателікке бой алдыра алады»,- деді А.Сәрсенбаев. Сондай-ақ, моральдық шығынның орнын толтыру үшін сот жүзінде БАҚ-тардан талап етілетін қаржының жоғарғы шегін айқындау ұсынылған. Заң жобасына сәйкес, егер сот бір жыл ішінде БАҚ немесе журналисті жалған жала жапқан айыпкер деп таныған жағдайда айыппұл мөлшері редакцияның бір айлық кірісіне тең мөлшерден, немесе, журналистің үш айлық жалақасының мөлшерінен артпауы тиіс. Ал егер шағым бір жылда бірнеше мәрте қайталанып, сот БАҚ немесе журналисті жалған жала жапқан айыпкер деп таныған жағдайда айыппұл мөлшері арттырылып отырады. Бір жылда сот дәл осындай сипатта үш шешім қабылдаған жағдайда жалған жала жапты деп айыпталған БАҚ-қа сот өзі қалаған мөлшерде айыппұл сала алады. «Шағым түсірген адам бір басылымды банкроттыққа ұшырату арқылы қас-қағымда алпауытқа айналуға мүмкіндігім бар деп бағамдауға тиіс емес»,- деді министр. Сондай-ақ, заң жобасы бойынша, шындыққа жанаспайтын мәліметтер таратқаны үшін журналист жауапкершіліктен құтылатын ақпарат көздерінің тізім аясы кеңейтілмек.
Тұтастай алғанда, А.Сәрсенбаевтың пікірінше, заң жобасында ілік жоқ. «Оған үкіметтегілер де оң көзқарас танытуы тиіс». «Ал теріс көзқарас ұстанған үкіметтің өзі де қыңыр болып шығады»,- деді ол.
Министр БАҚ редакциялары мен журналистерді заң жобасымен жұмысқа белсене атсалысып, өз ұсыныстарын келтіруге шақырды. Заң жобасы 2005-жылдың қаңтар айында парламентке таныстырылуы тиіс.