Жарияланды: 550

«Ақсайгазсервис» АҚ-да соңғы жылдары 1700 жұмыс орны ашылған

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында 25 желтоқсан күні ҚР Президентінің «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаздары марапатталғаны мәлім.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына Батыс Қазақстаннан 8 кәсіпорын қатысқан болатын. Мәселен, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Стройкомбинат» және «Әлім» ЖШС-лары бақ сынады. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» бойынша «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы», «Гидромаш-Орион-МЖБК», «Алтимстройдеталь» серіктестіктері сынға түсті. Ал «Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ мен «Кублей» ЖШС «Үздік азық-түлік тауарлар» аталымында облыс намысын қорғады. Еліміздің 135 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлігі қатысқан көрме қорытындысында өңірдегі ұн, макарон өнімдері өндірісінің көшбасшысы саналатын «Желаев астық өнімдері комбинаты» АҚ ІІ дәрежелі дипломды иеленді. Мекеменің әлеуметтік бағдарлы әрекетінің үлгісін қалыптастырған, өңірлер мен ауылдардың инфрақұрылымын дамытқан, әлеуметтік салада көрсетілетін қызметтерді кеңейткен кәсіпорындар «Парыз» сыйлығына ұсынылып келеді. Жыл өткен сайын әлеуметтік жауапкершіліктің артқанын бұл байқауға қатысатындардың санынан да көруге болады. Мысалы, 2008-2012 жылдары аталмыш шараға еліміздің барлық өңірінен 2186 кәсіпорын қатысқан. Биыл өз бақтарын сынаған 525 кәсіпорынның отызы - батысқазақстандық. «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымындағы «Ірі кәсіпкерлік нысаны» санаты бойынша жеңімпаз болып Бөрлі ауданындағы «Ақсайгазсервис» АҚ (президенті Тілек Шектібаев) танылды. Соңғы жылдары бұл кәсіпорында 1700 жұмыс орны құрылған. Компания басшылығы өз қызметкерлерімен 5-7 жылға дейін шарт жасауының арқасында ұжым осы аралықта жұмыспен және тұрақты жалақымен қамтамасыз етіліп отыр. Орташа айлық жалақы 61,5 пайыздан астам жоғарылады. Өткен жылы қызметкерлерді оқытуға 10,1 млн. теңген жұмсалды. Жыл сайын еңбекті қорғау және оның қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді шешу үшін 95 млн теңге қаржы қаралуда. Былтыр барлық қызметкерді ерікті медициналық сақтандыруға бөлінген қаражат 22 млн теңгені құрады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін