Табыс етілген жабдықтардың жалпы құны 56,8 мың долларды құрайды. Қазақстандық шекарашылар екі бірдей УАЗ автокөлігіне, есірткі контрабандасының алдын алуға арналған жабдықтарға, есірткіге шұғыл тест жасау жинағына ие болды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің аймақтық департаментінің бастығы Әбдіразақ Ілиясовтың хабарлауынша, бұл жабдық Шығыс Қазақстан облысында Ресей-Қазақстан шекарасындағы «Ауыл» және «Жезкент» бекеттерінде пайдаланылатын болады. Оның айтуынша, мемлекеттік шекараның Ресей мен Қазақстан арасындағы бөлігі техникалық тұрғыдан нашар жабдықталған.
Халықаралық есірткімен күрес және заңдылықты сақтау Офисі (INL) ҚР ҰҚК Шекара қызметімен 2003-жылдан бері ынтымақтасып келеді. Осы уақытта бұл қызметке 500 мың доллардың көмегі берілді. Оның ішінде қызметкерлерді оқытуға және құрал-жабдықтарға арналған қаржы да бар.
2005-жылы Халықаралық есірткімен күрес және заңдылықты сақтау Офисі (INL) Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы Мерке және Нововоскресеновка бекеттеріндегі заң бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға 200 мың доллар жұмсамақшы, деді Қазақстандағы АҚШ елшісінің орынбасары Марк Аскуино.