Р.Майерстің айтуынша, дүниежүзінің басқа елдерімен салыстырғанда Ирак тұрғындары мейлінше қаруланған халық болғандықтан, қазақстандық жасақтың мұнда болғаны қажет. Ал Қазақбатальонының төртінші жасағын Иракқа жіберу, жібермеу мәселесіне қатысты шешімді республика үкіметі қабылдайды. Бүгінде АҚШ міндетті түрде осындай талап қойып отырған жоқ, деді ол.
Б.Дарбеков пен Р.Майерстің кездесуінде екі ел арасындағы әскери қарым-қатынасты одан әрі нығайту, Солтүстік Атлантикалық Альянспен арадағы ынтымақтастықты нығайту, қауіпсіздік саласындағы қосымша көмек бағдарламалары туралы талқыланды. «Біз бүгінгі таңда аймақта, жалпы Иракта қалыптасқан ахуал жайындағы Р.Майерс мырза ортаға салған ақпаратты үлкен ықыласпен тыңдадық»,- деді Б.Дарбеков.
Сондай-ақ, кездесуде еліміздің оңтүстік аймақтарында 18-25-тамызда ҚР, АҚШ және Ұлыбритания Қарулы Күштері бөлімшелерінің қатысуымен «Дала қыраны» атты оқу-жаттығулер өткізілетіндігі хабарланды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, АҚШ штаб басшыларының біріккен комитетінің төрағасы Ричард Майерс бастаған әскери өкілдер елімізге ресми сапармен келген. Сапар барысында Р.Майерс республика үкіметі мен әскери аппарат басшылығымен бірқатар келіссөздер жүргізді. Қазақстанға келер алдында өкілдер Біріккен Араб әмірліктері, Ауғанстан және Өзбекстанда аяладады.