10 қазан күні Түркия президенті Режеп Ердоған АҚШ елшісі Джон Бассты екі ел арасындағы дипломатиялық жанжалға кінәлі деп айыптап, Анкараның оны бұдан былай Вашингтонның өкілі деп қабылдамайтынын мәлімдеген. Ердоған Басс америкалық виза беруді "өз бетінше тоқтатқанын" және АҚШ дипломатиялық миссиясына Түркияға "жау агенттер" еніп кеткенін айтқан.
8 қазан күні кешке АҚШ елшілігі Стамбулдағы консулдығының екі қызметкерінің ұсталуын себепсіз деп санайтынын айтып, виза беруді тоқтататынын хабарлаған. Түркия билігі екі қызметкерді АҚШ-та тұратын оппозициялық дін қайраткері, 2016 жылы Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деп айыпталған Фетхулла Гүленмен байланысы бар деп күдіктенеді.
Ал Пентагон дипломатиялық жанжалға қарамастан, Түркия АҚШ-тың НАТО-дағы одақтасы болып қала беретінін және Вашингтон Анкарамен барлық әскери операцияда іс-қимылын бұдан ары да үйлестіріп отыратынын мәлімдеді.