Ақша керек: Мектеп бітірген түлектер «Алтын белгі» төсбелгілерін ғаламтор арқылы сатуда - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақша керек: Мектеп бітірген түлектер «Алтын белгі» төсбелгілерін ғаламтор арқылы сатуда

Ақша керек: Мектеп бітірген түлектер «Алтын белгі» төсбелгілерін ғаламтор арқылы сатуда

Мектеп бітірген түлектер «Алтын белгі» төсбелгілерін ғаламтор арқылы сатуда.

  • 23 Тамыз 2018
  • 50
Фото - Caravan.kz

Мектепті биыл ғана тәмәмдаған түлектер «Алтын белгі» төсбелгілерін интернет сауда желілеріне саудаға қойған. Оның бағасы 350 мыңнан бастап, жарты миллион теңгеге дейін жетеді. Одан бөлек, еліміздің кез-келген жоғары оқу орнының дипломын сатушылардың да пайда болғаны анықталды. Олар қалай заңсыз әрекетін желіде оңай жүзеге асыруда? Жалпы елімізде ақшасын төлеп қандай марапатпен, медальді иеленуге болады?

Талайға арман болған «Алтын белгі» төсбелгісін ала-алмасаңыз қам жемеңіз. Енді оны интернеттегі сауда желілерінен оңай сатып алуға болады. Өткен оқу жылында тапсырылған медальдар 500 мың теңге болса, бұдан төрт-бес жыл бұрын берілгендері 350 мыңдай тұрады екен. Оны сатуға қойғандардың бірі хабарландыруды Жаркент қаласынан жүктепті. Оған хабарласқанымызда, төсбелгіні мәжбүрліктен сатуға қойғанын айтып қалды.

«Аттестат барлығы бар. Бауырларымның бірі қатты ауырып қалды. Емдеуге ақша керек. Осы себепті сатуға қойдым» – дейді Жаркент қаласының тұрғыны Нариман.

Ал тағы бір хабарландыруды берген бойжеткен “Алтын белгіні” өз білімімен алғанын айтады. Бірақ, жоғарғы оқуға түскеннен кейін ол керек болмай қалған.

«Мен оны жай сатуға қойдым. Өзіме қажеті жоқ. Студент болғаннан кейін жүріп-тұруыма ақша керек» – дейді Атбасар қаласының тұрғыны Татьяна.

Сондай-ақ, ғаламторда кез-келген оқу орнының дипломын ақшаға сатып алуға болатыны туралы хабарландыруларды көруге болады. Оның қасында рас-өтірігі белгісіз сатып алғандардың да пікірлерін жүктеп қойған. Бірақ, олардың көрсеткен телефон нөміріне хабарласу мүмкін болмады. Ал ол дипломның иегері атанғандардың да аты-жөні көрсетілмеген.

«Ол төрт жыл сараптап, соның лекциясына қатыспаса, соның отымен кіріп, күлімен шықпаса, ол мамандықты жаны сүйіп қызықпаса… Ол ертең қандай маман болады көкем-ау? Ол дипломды алып алған соң жұмыс істеу керек қой. Ол өзінің мамандығының иесі болмаса. Ол оған қызмет істемейді. Сондықтан пәлен ақшаға сата беру деген ол жақсылықтың нышаны емес ол» – дейді журналист, жазушы Жұмамұрат Шәмші.

Бұған дейін жаңалықтарымызда, «Қазақстанның құрметті» азаматы деген медальдің да сатылатынын айтқан еді. Соңғы үш жылда оны 150 адам алыпты. Қатарында елге есімі белгілі шенеуніктер мен эстрада жұлдыздары, қарапайым азаматтар да бар. Бірақ, олардың ешбірі бұл марапатты сатып алғанын айтқысы келмейді.


«Менен ешкім ештеңе сұраған жоқ» – дейді «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов.

Бірақ «Қазақстанның құрметті азаматы» деген медаль 1 миллион 750 мың теңге екенін ұйымдастырушылардың өзі мойындайды. Ал оны үлестіруші мемлекеттік емес, ресейлік ұйым. Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров бұл үлкен атақты саудаға салғандардың ісін қылмысқа теңеген болатын.

«Қазақ халқының құрметті азаматы болу үшін бір екі кісі оны шешіп, сол атақты сатқан деген ол барып тұрған қылмыс. Оны беру үшін парламенттің шешімімен, президенттің жарлығы болуы керек» – дейді ғарышкер, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров.

Елімізде сатып алуға болатын тағы бір дүние ол – Әскери билет екені айтылады. Азаматтық борышын өтегісі келмегендер әуре болмай-ақ ақысын төлеп, оны ала-алады. Ол үшін Қорғаныс министірлігінің 40 күндік оқыту курсына 263 мың төлесеңіз жеткілікті. Бұл күмәнді басылымдар емес, министірліктің өзі жариялаған ресми ақпарат.