АҚШ-та ағылшын тілінде «Ислам: бейбітшілік және жасаушы дін» атты жаңа кітап шықты
Өткен аптада Қазақстан Жоғарғы муфтиі Әбсатар қажы Дербісәлі ағылшын тілінде жарық көрген «Ислам: бейбітшілік және жасаушы дін» атты жаңа кітаптың тұсауын кесу мақсатында Америка Құрама Штаттарына барды. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте ҚР СІМ Баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлімдеді. |
Оның айтуынша, тұсаукесер аясында Руми атындағы Форумның дінаралық диалог және өзара түсіністік жөніндегі Орталықта Әбсаттар қажы Дербісәлі қазақстандық сыртқы саяси және экономикалық бастамаларға, дінаралық диалог және қоғамды біріктірудегі діннің рөліне басымдық бере отырып дәріс оқыған.
«Беделді зерттеу орталығы «Джеймстаун қоры» ұйымдастырған және оның президенті Ховард Гленның төрағалығымен өткен «дөңгелек үстелде» «Орталық Азиядағы Ислам» атты пікірталаста американдық тарап біздің еліміздің Президент Нұрсұлтан Назарбаев басшылығымен бұл саладағы жеткен жетістігімізге жоғары баға берді», - деді СІМ баспасөз хатшысы.
Оның атап өтуінше, іс-шара қатысушылары Қазақстан Республикасы өзінің белсенді халықаралық қызметі арқасында өркениетаралық диалогты нығайтуда конструктивті маңызды рөлін жалғастыруда деп бір ауыздан келіскен көрінеді. Бұл орайда Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін жинау туралы бастамасы, ҚР ИЫҰ-дағы және ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы ерекше аталып өтілді. Олардың барысында біздің еліміз Батыс пен Шығыс арасындағы және Ислам әлемі мен Батыс арасындағы өзіндік «көпір» ретіндегі маңыздылығын дәлелдеді.
«Әбсаттар қажы Дербісәлімен кездесу қорытындысы бойынша АҚШ саяси-қоғамдық топтарының өкілдері Қазақстан тарапынан дінаралық және конфессияаралық келісімге қол жеткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанына, ал дін қоғамдағы саяси тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқаратынына көздері жетті», - деп атап өтті І. Омаров.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін