Ақсу қаласындағыдәрігерлер екі емдеу мекемесінің бірігуіне қарсы
|
Павлодар облысының Ақсу қаласындағы емхананың 400-ден аса қызметкері наразылық білдіруде. Олар қалалық ауруханамен бірігуге қарсы. Екі емдеу мекемесін қосу туралы шешімді облыстық денсаулық сақтау басқармасы шығарған. Алайда емхана дәрігерлері «біріксек, қызметкерлердің жартысы қысқаратыны анық» деп отыр. Оның үстіне орталық аурухананың 112 млн теңге қарызы бар екен, әрі материалдық-техникалық базасы да нашар дейді наразы топ.
Жаңа жылға дейін Ақсудағы емхана мен аурухана біріктірілуі тиіс. Бұл хабарды әсіресе емхана ұжымы төбеден жай түскендей қабылдады. Еліміздегі үздік 50 емхананың біріне айналған емдеу орны 112 млн теңге қарызы бар орталық ауруханамен қосылуға қарсы.
Қапиза Орынбекова, Ақсу қалалық емханасының терапевті:
- Бізді қосатын болса, көп адам қысқартылайын деп жатыр, премия алып отырған адамдардың премиясы қырқылады.
Емхана дәрігерлері біліктілікті шыңдау курстарынан қағылып, мекеменің материалдық-техникалық базасы назардан тыс қалмақ. Бұның бәрі, сайып келгенде, медициналық көмек сапасының төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.
Татьяна Нефедова, Ақсу қаласының тұрғыны:
- Бір ғимаратта адамдар ем алып жатады, ал дәрігерлердің қабылдауына басқа жаққа бару керек болады. Оның үстіне бухгалтерия да ауысады, демек екі мекеме арасында жүгіріс көбейеді деген сөз. Бәрі халық үшін емес, халыққа қарсы жасалып жатқан сияқты.
Денсаулық сақтау басқармасындағылар болса, керісінше бұл, медициналық көмек сапасын арттырып, бірлескен жұмыстың жемісті болуы үшін қажет дейді. Ал орталық аурухананың 112 млн теңге қарызын келер жылы аурухананың дамуына мемлекеттік бюджеттен бөлінетін ақшамен өтемек.
Магмура Гимадиева, Павлодар облыстық ДСБ бастығының орынбасары:
- Поликлиника қызметкерлері ешқандай ұтылыста болмайды. Алған жалақыларын алып тұрады уақытында, премия да алып тұрады, біз оған уәде береміз.
Қызығы сол, аурухананың он жыл бойы жиналған 112 млн теңге қарызын жылда тексеру жүргізетін қаржы полициясы анықтамаған. Тіпті салық басқармасындағылар да бұған көз жұма қарапты. Анықтап білгеніміз: 112 млн теңге аурухананың коммуналдық мекемелер мен фармацевтикалық фирмалар алдындағы берешегі екен.
Ақсу орталық ауруханасында соңғы бірнеше жылда қайғылы оқиғалар жиілеп кетті. Мұнда бір келіншек бала сүю қабілетінен айырылса, тағы бір әйелді босандыру кезінде дәрігерлер нәрестеге зақым келтірген. Салдарынан сәбиі мүгедек боп қалды. Сондықтан болар, емхана қызметкерлері абыройы айрандай төгілген ауруханамен бірлесіп жұмыс істегенге қарсы. «Жаман атағы бізге жабысады» деп алаңдайды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін