Ақсудағы көпқабатты үй тұрғындары бірнеше жылдан бері қолаңса иіске тұншығып отыр
|
Павлодар облысының Ақсу қаласындағы көпқабатты үйдің тұрғындары қолаңса иіске тұншығып отыр. Бар мәселе-жертөледегі шіріген құбырларда. Нәжістің бәрі сонда құйылып, жағымсыз айналаға жайлап кеткен. Тынысы тарылған жұрт кәріз жүйесін ауыстыруға ақша да жинапты. Алайда жарты миллион теңгені қалтасына басқан пәтер иелері кооперативінің төрайымы төбе көрсетпей жүр.
- Су толып кетті, сасып жатыр иісі. Неше жыл болды осылай, үйдің іші сасып жатыр. Үй құлайды жақында!
Ақсулықтар осындай адам айтқысыз жағдайда күн кешуде. Бірі аузы-мұрнын бетпердемен тұмшаласа, енді бірі қолаңса жайлаған баспаналарына хош иістендіргіш сеуіп, амалын тауып жүр.
Әбдіғани Дербісов, Ақсу қаласының тұрғыны:
- Сасиды, жертөледен ұрады сасықтар. Жас балалар бар, дем ала алмайды, тұншығады. Дәретханада тұрып жатқандаймыз бұл жерде, мал қорада тұрып жатқандаймыз. КСК-ның ешқандай шаруасы жоқ бұл жерде. Ешқандай жұмыс істемейді.
Шіріген құбырдан тамшылаған кәріз суы жертөлеге толып қалған. Осыны айтып жұрттың бармаған жерлері қалмапты. Тіпті құбырларды ауыстыруға өз беттерінше ақша да жинаған. Алайда жарты миллион теңгені қалтасына басқан пәтер иелері кооперативінің төрайымы сол күйі жоқ. Ал қала билігіндегілер бұл үйді модернизациялау бағдарламасына да енгізген екен. Алайда жөндеуді бастап кетуге тұрғындардың өздері қарсы болып отыр дейді.
Ерлан Көшкінбаев, Ақсу қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы:
- Әуезов, 65 үйдің 500 мың теңгедей қарызы бар КСК-ға. Одан әрі, одан былай, бір ай айналысып келеміз сол үймен модернизацияға тартайық деп. Нақты әлі түйініне келгеміз жоқ. Дауыстарды жинай алмай тұрмыз.
Ақсудағы 245 көппәтерлі үйдің жартысынан көбі күрделі жөндеуді талап етеді. Ал биыл баспаналарды модернизациялау бағдарламасы бойынша небәрі 5-ақ үй жөнделгенін ескерсек, жертөлесі кәріз суына толып, үгітілгелі тұрған үйдің мәселесі жуық арада шешілмейтін түрі бар.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін